Байден мен Путин алғаш рет телефон арқылы сөйлесті

0
329
Владимир Путин мен Джо Байден.

26 қаңтарда АҚШ президенті Джо Байден Ресей басшысы Владимир Путинмен алғаш рет телефон арқылы сөйлесті. 

Байден әңгіме барысында Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың қамалуына және Қырым аннексиясы мәселесіне алаңдаушылық білдірген. Қос президент ақпан айында мерзімі аяқталатын ядролық стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу жөніндегі шаралар туралы келісімді (СНВ-3) ұзартуға дайын екенін жеткізген.

Ақ үй таратқан ақпаратта, СНВ-3 келісімін ұзартудан бөлек тараптар “қару-жарақты бақылау және қауіпсіздікке қатысты бірқатар мәселе бойынша стратегиялық тұрақтылықты қолға алуға келісті” деп жазылған. Келісімді ұзарту мәселесінде екі басшының ортақ тіл тапқанына қарамастан Байден АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың сипатын анықтайтын бірқатар маңызды мәселелерге алаңдаған. Ақ үйдің хабарлауынша, Байден Украинаның егемендігін қолдайтынын атап өткен. АҚШ-тың жаңа президенті сонымен бірге Ресей қатысы болуы мүмкін АҚШ үкіметі мен ірі компанияларға жасалған ірі кибер шабуыл мәселесін қозғаған.

Ресейлік ресми БАҚ тараптар АҚШ-тың Ашық әуе кеңістігі жайлы келісімнен шығуы, “Украинаның өз ішкі мәселелерін реттеуі”, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің саммитін өткізу туралы Ресей бастамасын талқылады деп хабарлады.

Кремльдің баспасөз қызметі Ресей мен АҚШ президенттері ашық, іскерлік сипатта сұхбаттасты деп хабарлады. Бірақ хабарламада Навальный, Украина егемендігі, хакерлік шабуыл жайлы айтылмаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз