АҚШ Кремль сыншысы Алексей Навальныйдың улануына байланысты Ресейдің мемлекеттік шенеуніктері мен компанияларына санкция салды.
Оқи отырыңыз: Мәскеу соты Навальныйға үш жарым жыл түрме жазасын кесті
Шектеу енгізілгендер тізіміне Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко, президенттің ішкі саясат бөлімінің бастығы Андрей Ярин, ФСБ директоры Александр Бортников, Ресей қорғаныс министрінің орынбасарлары Алексей Криворучко мен Павел Попов, Ресейдің бас прокуроры Игорь Краснов және ФСИН басшысы Александр Калашников кірді.
АҚШ қаржы министрлігінің санкциялар тізіміне енгізілген компаниялардың қатарына органикалық химия және технология мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты, 27-ші ғылыми орталық және Ресей қорғаныс министрлігінің 33-ші орталық ғылыми-зерттеу институты кіреді. Тағы бір ұйым – екі филиалы бар 48-ші ҒЗИ АҚШ мемлекеттік департаментінің санкциялар тізіміне енді.
“Жемқорлықпен күрес қорының” жетекшісі Алексей Навальный “новичок” уымен уланып, Германияда ұзақ емделген соң 17 қаңтарда Мәскеуге оралған жерінде қамауға алынған. Кейін жазаны өтеу қызметінің талабымен Мәскеу соты оның 2013 жылғы шартты жазасын түрме жазасына алмастырып, оппозиционер колонияға жіберілді.