Түркия билігі елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 29 сәуірден 17 мамырға дейін елде локдаун енгізілетінін хабарлады.
Шектеу шаралары 29 сәуір сағат 19:00-ден 17 мамыр таңғы 05:00-ге дейін жалғасады. Полиция тарапынан арнайы рұқсат берілген кеңселерден басқа жұмыс орындары түгел жабылады. Қалааралық қатынау міндетті рұқсат бойынша, көлікті жартылай толтыру арқылы ғана жүзеге асады.
Ел президенті Режеп Тайып Ердоған бұл күндері бұрын енгізілген комендант сағаты үздіксіз жұмыс істейтінін атап өтті. Азық-түлік өндірісі мен денсаулық сақтауды қоспағанда, барлық жұмыс орындарында қызмет тоқтайды. Базарлар жексенбіде жабылады, ал басқа күндері белгілі уақытта ғана жұмысын жалғастырады.
Балабақшаларды қосқанда барлық күндізгі білім беру мекемелерінің жұмысы тоқтайды. Емтихандар жаппай кейінге қалдырылады.