Минск әуежайында оппозициялық журналист ұсталды

0
253
Photo: NEXTA/Telegram channel

Беларус билігі оппозициялық журналист әрі блогер Nexta каналының негізін қалаушы Роман Протасевичті Афины–Вильнюс бағытында ұшып бара жатып Минск әуежайына төтенше жағдайда қонған RyanАir әуе компаниясының ұшағынан ұстап әкетті.

Ұшақ бағытының не себепті өзгергені анық емес. Александр Лукашенко баспасөз қызметінің жаңалықтарын жариялайтын “Пул Первого” телеграм-арнасының хабарлауынша, ұшақ бортында бомба болуы мүмкін деген ақпар жеткен соң оны Минскіге қондыруға Лукашенконың өзі пәрмен берген. Оның тапсырмасы бойынша, жолаушы ұшағын ертіп жүру үшін МиГ-29 жойғыш ұшағы жіберілген.

Афиныдан ұшып шығар алдында Протасевич әуежайда өзін әлдебіреу бақылап жүргенін, паспорты мен басқа да құжаттарын суретке түсірмек болғанын ескерткен.

RyanАir әуе компаниясы болған оқиғаға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. Басқа тәуелсіз ақпарат көздері ұшақ бортында бомба болды деген жаңалықты растаған жоқ. Беларусь билігі Минск әуежайында тексеру кезінде ұшақтан бомба табылмағанын хабарлады.

Беларусь оппозициясының шетелде тұратын басшысы Светлана Тихановская журналисті босатуды талап етті және Халықаралық әуе транспорты қауымдастығын болған жайтты тергеуге шақырды.

Nexta телеграм каналының хабарлауынша, өткен аптада Тихановскаяның өзі де дәл осы рейспен Беларуссияның үстінен ұшып өткен.

Әлемнің көптеген мемлекеті, саясаткерлер Роман Протасевичтің жедел босатылуын талап етіп жатыр.

Роман Протасевич.

Роман Протасевич соңғы кездері “Беларусь головного мозга” телеграм-арнасын жүргізіп келген. Ол – Александр Лукашенкоға қарсы жаппай наразалық шерулерінен хабар таратқан NEXTA телеграм-арнасының негізін қалаушылардың бірі. Беларусь билігі бұл арнаны экстремистік медиа деп санайды. Билік Протасевичке халықаралық іздеу жариялап, оны “террористер тізіміне” қосқан. Ол бірнеше жыл бұрын қауіпсіздік мақсатында Беларусьтен кетіп қалған.

Кейбір ақпарат құралдары Протасевич өлім жазасына кесілуі мүмкін деп жазды. Бірақ қазіргі тағылған айыптарға қарағанда, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз