Жамбылдағы жарылыс: Қаза тапқандар 16 адамға жетті

0
388

Жамбыл облысы Байзақ ауданында болған жарылыстан зардап шеккен тағы бір әскери қызметкер қаза тапты. Бұл туралы 7 қыркүйекте Қорғаныс министрлігі хабарлады. 

“2021 жылғы 7 қыркүйекте Тараз қалалық ауруханасында 26 тамызда Жамбыл облысындағы оқ-дәрілер қоймасында болған өртті сөндіру кезінде алған жарақаттарының салдарынан 28349 әскери бөлімінің әскери қызметшісі 1983 жылы туған, капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев қайтыс болды”, – делінген министрлік хабарламасында.

Қаза тапқан капитан Ерлан Рысқұлбекұлы Қырғызәлиев.

Марқұм Қырғызәлиев оқ-дәрілерді сақтау бөлімінің бастығы лауазымын атқарған. Қоймадағы өртті жоюға алғаш кіріскендердің қатарында болған.

Осылайша Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандар 16 адамға жетті. Қазір жоғалған тағы бір адамды іздеу жалғасып жатыр. Апаттан жүзге жуық адам жараланғаны хабарланған.

Қаза тапқандардың арасында өрт сөндірушілер, төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің, әскери күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар.

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөліміндегі қоймадағы оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласқан.

Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын маңдағы ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланды. Қазір олардың бәрі үйіне оралған. Тұрғындар арасында жарақаттанғандар жоқ дейді жергілікті билік.

Жамбыл облысы әкімдігінің айтуынша, апат салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық объект, үш мектеп бүлінген. Әкімдік үйлерді екі ай ішінде қалпына келтіруге уәде берген.

Тамыздың соңында әскери қойманың жарылуына байланысты қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен кеткен болатын. Ол оқиғадан кейін жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылаған.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қорғаныс министрлігі 10 жарылыс болғанын, әскери қоймада Арыс қаласындағы қоймадан әкелінген оқ-дәрілер қойылғанын растады. 2019 жылы Арыстағы әскери қоймада да осыған ұқсас жарылыс болып, салдарынан төрт адам қаза тапқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз