29 қыркүйек күні Ресей басшысы Владимир Путин Сочиде Түркия президенті Режеп Ердоғанмен кездесті. Айналасындағы адамдардан коронавирус табылып, Путин екі апта карантинде болған.
Президенттер соңғы рет 18 ай бұрын Мәскеуде кездескен. Сарапшылар осы уақыт аралығында екі ел арасында талқылайтын мәселелер қордаланып қалғанын айтады.
Сирия мен Ливиядағы соғыс мәселесінен бөлек, екі ел басшысы Таулы Қарабақ, Украинадағы жағдай, Ресей газының экспорты мәселесін талқылаған. Кездесуде сонымен бірге Түркияның АҚШ қарсылығына қарамастан ресейлік С-400 зымыран кешенін сатып алу мәселесі де сөз болуы мүмкін. Шамамен үш сағатқа созылған кездесуден соң Путин Мәскеу мен Анкара арасындағы қарым-қатынас екі жақтың ымыраға келу қабілетінің арқасында оң бағытта дамып келе жатыр деп мәлімдеді.