5 қазанда сағат Нұр-Сұлтан уақытымен 14:55-те ғарышқа алғашқы ресейлік “кино экипажы” ұшты. Бұл туралы Роскосмос сайты хабарлады.
Экипаж мүшелері әртіс Юлия Пересильд, режиссер Клим Шипенко және ғарышкер Антон Шкаплеров халықаралық ғарыш станциясына Байқоңыр ғарыш айлағынан “Союз-2.1 а” зымыранымен ұшты.
“Киноэкипаж” халықаралық ғарыш станциясына “Вызов” фильмі үшін аттанды. Бұл, кино тарихындағы алғашқы кәсіби әртіспен шынайы түрде ғарышта түсірілген алғашқы фильм болмақ.
Ғарыш кемесі Байқоңырдан ұшқаннан кейін шамамен 3 сағат 17 минутта халықаралық ғарыш станциясына жетеді. Ол жерде “киноэкипажды” ресейлік Олег Новицкий мен Петр Дубров, америкалық Марк Ванде Хай, Шейн Кимброу және Меган МакАртур, жапондық Акихико Хосиде және француз Том Пескеден құрылған халықаралық экспедиция күтеді. “Киноэкипаждың” жұмысына ресейлік ғарышкерлер көмектеседі.
Халықаралық ғарыш станциясында Пересильд пен Шипенко 12 күн болады. Олардың Қазақстанға қонуы 17 қазанға жоспарланған.