Жексенбі кешке Армения президенті Армен Саркисян мерзімінен бұрын қызметінен кететінін хабарлады. Саркисян ел саясатына, соғыс пен бейбітшілік мәселесіне ықпал ететіндей өкілеті болмағандықтан осындай шешім қабылдағанын мәлімдеген.
“Төрт жылға жуық ел президенті қызметін атқарған мен қызметтен кетуді ұзақ ойландым. Бұл шешім ешқандай эмоциясыз логикаға негізделіп қабылданды. Президентте ел мен халық үшін қиын-қыстау шақта ішкі және сыртқы саясаттағы үдерістерге ықпал ететін қажетті құралдар жоқ. Еліміз үшін ынтымақ керек болып тұрған мына алмағайып кезеңде президент институты жұртшылықтың назарын аса маңызды мәселелерден алшақтататын өсек-аяң мен қастандық теориясының объектісіне айналмауы керек”, – делінген хабарламада.
Армен Саркисян Армения елдегі жүйелі мәселелерді шешуде президент “өз әлеуетін толымды пайдалана алмайтын ел екенін” жазған. Қазіргі жағдайда “президенттің қолында еліне көмектесе алатын тетіктер жоқ” дейді ол.