3 ақпан күні Ұлыбритания парламентінде “жемқорлыққа белшесінен батқан қазақстандық олигархтарға санкция салу” мәселесі талқыланды. “Санкция салынуы тиіс” тұлғалар тізімде кемінде 28 адамның аты аталады.
Бейсенбі күні бұл мәселе бойынша баяндама жасаған лейбористік партия мүшесі Маргарет Ходж Ұлыбритания билігін “халық есебінен байыған” қазақ олигархтарына жылдар бойы британ нарығының есігін айқара ашып, “оны жасыруға жәрдем берді”, “жемқорлыққа көз жұма қарады” деп айыптады. Экономикалық қылмыспен күрес туралы заң жобасы талқыланған шақта бұл мәселе өте маңызды екенін еске салып, кеш болмай тұрғанда әрекет етуге шақырды.
Маргарет Ходж баяндамасында қазақ байларына қарата “клептократия” ұғымын пайдаланған.
Парламент мүшесінің айтуынша, Лондон 2008 және 2015 жылдар аралығында 205 қазақ клептократына алтын виза беріп, “лас ақшасын Ұлыбританияға орналастыруына жәрдемдескен”.
“Біз шекарамызды, жылжымайтын мүлік нарығы мен қаржы құрылымдарының есігін Қазақстанның басқарушы билігіне айқара аштық. Оларға ақшаны заңсыз жымқырып, жұмсауына жол бердік. Одан да сорақысы – тіпті қазіргі заңдарымыз арқылы заңсыздықтарға төтеп бере алмадық” деді депутат.
Депутат мемлекет байлығының талан-таражға салынып, халықтың кедейленуі Жаңаөзеннен басталып, Қазақстанның өзге өңірлеріне тарап, соңы қантөгіске ұласқан Қаңтар қырғынына қозғау салғанын да атап өткен.
“Жуырда болған қантөгіс клептократияның шынайы құны” деді ол.
Ходж Қазақстандағы клептократия туралы сөзінде келесі адамдардың аты-жөнін атады: Нұрсұлтан Назарбаев, Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динара Құлыбаева, Дариға Назарбаева, Қайрат Шәріпбаев, Нұрәлі Әлиев, Кәрім Мәсімов, Айгүл Нұриева, Владимир Ким, Камила Ким, Эдуард Огай, Кеңес Рақышев, Сауат Мыңбаев, Александр Машкевич, Патох Шодиев, Болат Өтемұратов, Болат Назарбаев, Ахметжан Есімов, Ғалымжан Есенов, Қайрат Боранбаев, Александр Клебанов пен ұлы Яков, Нұрлан Нығматулин, Бауыржан Байбек, Марат Бекетаев, Әлия Назарбаева, Айдан Кәрібжанов, Қайрат Сатыбалды, Самат Әбіш.