Қазақстанның жас өнертапқыштары өз жобаларын таныстырды

0
2,072
"Білім және денсаулық" көрмесі. Нұр-Сұлтан қаласы, Қазмедиа орталығы, 17 наурыз, 2022 жыл.

17 наурыз күні Нұр-Сұлтандағы Қазмедиа орталығында “Білім-инновация” халықаралық қоғамдық қорының ұйымдастыруымен “Білім және денсаулық – 2022” көрмесінің ресми ашылу салтанаты өтті. Жас өнертапқыштар өз жобаларын таныстырды, тәжірибе алмасты. 

Жиынның ресми ашылу салтанатына Қазақстан білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы қатысты.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы және “Білім-инновация” ХҚҚ президенті Дархан Өте.

5000-ға жуық оқушы қатысады деп жоспарланған көрмеге жас өнертапқыштардың 50-ге жуық туындысы қойылған. Көрмедегі жобалардың дені жаратылыстану, ғылым, денсаулық тақырыптарын қамтиды. 

“Білім-инновация” ХҚҚ-ның бірінші вице-президенті Мұхаммедәли Ибрагимовтің айтуынша, осындай көрмелердің негізінде оқушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, бойларында өзіне деген сенімділік пайда болады. Оның сөзінше, білімпаздардың жүзіндегі қуаныш, талпыныс мұндай көрмелерді жыл сайын өткізуге қажеттілік бар екенін аңғартады.

“Білім-инновация” ХҚҚ-ның бірінші вице-президенті Мұхаммедәли Ибрагимов.

“Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2022-жылды “Балалар жылы” деп жариялады. Осы үндеудің аясында оқушылардың білімге, ғылымға қызығушылығын арттырып инновациялық жобаларын демеу үшін “Білім және денсаулық” көрмесі ұйымдастырылып отыр. Көрмеде оқушылар өзі ойлап тапқан, жасаған туындыларын таныстырып жатыр. Бұл жиынның мақсаты мектепте оқушыларды тек теориямен шектемей идеяларын іс жүзінде көрсетуіне мүмкіндік беру әрі басқа оқушылармен идея алмасуына жағдай жасау. Еліміздің әр аймағынан келіп көрмені аралап жүрген білімпаздарға да берері мол деп ойлаймын. Нақтырақ айтсақ, оқушылар осы көрме негізінде тәжірибе алмасады. Тек мұғалімнің ғана емес, оқушының оқушыға түсіндіруіне жағдай жасау қажет”, – деді “Білім-инновация” ХҚҚ-ның бірінші вице-президенті Мұхаммедәли Ибрагимов.

“LEGO ДОМБЫРА” АСПАПТЫ ЖАҢАДАН ҮЙРЕНГІСІ КЕЛГЕНДЕРГЕ ТАПТЫРМАС КӨМЕКШІ

Көрмеде ерекше көзге түскен жобаның бірі “LEGO Домбыра”. NURORDA мектебінің 5-сынып оқушылары Ернар Талғат пен Балайым Тұрғанбек бір аптада лего құрастырып, бағдарлама жазып адам әрекетінсіз домбыра тартатын робот жасап шығарған.

“LEGO Домбыра” авторлары Ернар Талғат пен Балайым Тұрғанбек.

“Легодан жасалған робот адамның көмегінсіз домбыра тарта алады. Әзірге баяу ойнайды. Домбыра үйренгісі келген адам осы роботтың көмегімен аспапты меңгере алады. Алдымен роботты лего арқылы құрастырдық. Кейін компьютермен бағдрламасын жаздық. Кодты роботтың миына енгізгенде робот бұйрық бере алатын болды. Сол бұйрықтар негізінде түрлі күйлерді ойнауға мүмкіндік пайда болады. Лего Домбыра әзірге “Еркем ай” халық әнін тарта алады. Баяу ойнағандықтан әуен мінсіз естіледі дей алмаймын. Домбыра үйренуді жаңадан бастағандар үшін бұл робот таптырмас көмекші деуге болады. Болашақта басқа да әуен, күйлерді енгіземіз деп жоспарлап отырмыз”, – деді Ернар Талғат.

“Негізі бізге домбырада адам емес роботтың ойнағаны қызық болды. Ұзақ ойланып жобамызды осылай бастап көрейік деп шештік. Роботтың кодын жазуға екі сағат уақытымыз кетті. Ал барлығын құрастырып бағдарламалауға бір апта жұмсадық. Ұзақ уақыт жұмыс істеп жетілдіріп бұдан әрі дамытуға болатын жоба”, – деді “LEGO Домбыра” авторларының бірі NURORDA мектебінің 5-сынып оқушысы  Балайым Тұрғанбек. 

ӨНЕРТАПҚЫШТАР ҚАҒАЗБЕН АҒАШ КЕСТІ

“Қағаздың күші” атты жоба жасаған Данияр Қарабалин мен Мансұр Мәліков физикалық заңдылықтар негізінде дәлел ұсынғылары келгенін айтады. Олар картон қағаздарды ара ретінде қолданып ағаш кесті. 

“Бұл жерде үйкеліс күшін байқауға болады. Қағаз бір осьпен айналғанда оның орталығындағы күш жан-жаққа тарайды. Сол себепті қағаздың күші арта түседі. Кейін ол ағашқа тигенде жылдамдық негізінде еркін кесе алады. Мақсатымыз эксперимент жасау еді. Заңдарды практика жүзінде ұсынғымыз келді. Дәлел деп айтуға болады”, – деді жас зерттеушілер.

Жас өнертапқыштар бұдан бөлек робототехника, 3D принтинг, STEM жобалары бойынша да жұмыстарын ұсынды. 

Еске салайық, 16-17 наурыз күндері Қазмедиа орталығында “Білім-инновация” және “Білім Орда” халықаралық қоғамдық қорларына қарасты мектеп оқушыларының инновациялық жұмыстарынан көрме өтті. 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз