Ақтөбе әуежайы уақытша жабылды

0
271
Ақтөбе әуежайы.

17 наурыздан бастап Ақтөбе әуежайы жүк және жолаушы ұшақтарын қабылдамайды. Әуежай 27 наурызға дейін жабық. Қала әкімдігі бұл жағдайды аэродромға төселген бетон плиталардың жарамсыздығына орай қабылданған шешім деп хабарлады.

Әуежайдағы жөндеу жұмыстары жолаушыларға “алдын ала ескертілмегендіктен” біраз жолаушы қалаға уақытында жете алмай қалған.

Әкімдік мәліметінше, 27 наурызға дейін аэродромдағы 218 плита жаңартылуы керек. Аэродром жөнделіп біткесін жұмыс сапасын ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті тексереді. “Әуежайдың нақты қай күні ашылатыны сол тексеруден соң белгілі болады” дейді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

11-17 наурыз аралығында Ақтөбе әуежайы тек түнгі мезгілде жұмыс істеді. Осы аралықта аэродромдағы 60 плита жаңартылған. Яғни, ұжым әуе байланысын тоқтатпауға тырысқан. Алайда жұмыстың алғашқы кезеңі аяқталған соң Азаматтық авиация комитеті тағы 218 плитаны ауыстыруды талап еткен.

Аптасына 52-55 рейске қызмет көрсететін Ақтөбе әуежайы 17 наурызға қараған түнгі үште ең соңғы рейсті қабылдаған. Аэродромның жабылатыны туралы хабар алдын ала айтылмағандықтан жүздеген жолаушы Ақтөбеге жете алмай қалған.

16 наурыз таңертең SСAT әуе компаниясы әуежайдың жабылуына байланысты наурыздың соңына дейін Ақтөбеге ұшатын барлық рейсті тоқтатқанын хабарлаған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз