Сәрсенбі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстандағы Куба Республикасының Елшісі Эмилио Певида Пупо, Үндістан Республикасының Елшісі Прабхат Кумар, Швед Корольдігінің Елшісі Матс Фойер, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Елшісі Майкл Джон Гиффорд сенім грамотасын табыстады.
Мемлекет басшысы Швеция Риксдагының (парламенті) спикері Урбан Алинның Қазақстанға сапары өткен жылдың маңызды оқиғасына айналғанын айта отырып, Қазақстан-Швеция сауда-экономикалық ынтымақтастығын жандандырып, сауда-саттықтың шағын көлемін арттыру қажеттілігіне баса назар аударды.
Сенім грамоталарын қабылдау барысында Елбасы «Бүгін сіздердің Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыз ресми түрде басталады. Осы айтулы күнге орай баршаңызды жаңа қызметтеріңізбен құттықтаймын. Жауапты әрі мәртебелі миссияларыңызда елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға серпін тигізеді деп сенемін», – деді.
Елбасы Үндістан мен Қзақстан халықаралық ұйымдар арасында өзара белсенділік танытып келе жатқанын алға тартып, «Біз Үндістанды Қазақстанның маңызды сыртқы саяси, сауда серіктесі ретінде қараймыз. Үндістанның Шанхай Ынтымақтастық ұйымына толық мүшесі болғанына қуаныштымыз. Елдеріміз бұл ұйымның жұмысына тың серпін беріп, мәртебесін арттырады деп сенеміз», – деді.
«Ұлыбритания әлемдегі маңызды әріптесіміздің бірі екені сөзсіз. Екі елдің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенімге берік негізделген. Бүгінде Ұлыбритания Қазақстанның ірі инвесторларының және сауда әріптесінің бірі болып саналады. Менің 2015 жылғы Лондонға сапарым осы жемісті ықпалдастық пен екі елдің қарым-қатынасына тың серпін берді. Біздің саяси диалогымыз екі жақты форматта табысты дамуда», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сөз соңында Қазақстан Президенті шетелдік дипломаттардың Астанадағы қызметтерінің қызықты әрі жемісті болуына тілектес екенін білдірді.