ҚР-ның Ватикандағы елшісі Рим Папасымен кездесу өткізді

0
167

2018 жылғы 8-10 қаңтар аралығында Ватиканда Қазақстан Республикасының (ҚР) Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанар Айтжанова Рим Папасы Францисктің жаңа жылға арналған қабылдауына қатысып, Қасиетті тақтың Мемлекеттік хатшысы Кардинал Пьетро Паролин мен Қасиетті тақтың Халықаралық қатынастар бойынша хатшысы Кардинал Пол Ричард Галлахермен кездесті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) баспасөз қызметі хабарлайды.

Іс-шара барысында елші Рим Папасы Францискімен кездесу өткізіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жылы лебіздерін білдірді. Қазақстандық дипломат Рим Папасына Ватиканның Астанада өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмеге қатысқаны, сонымен қатар, еліміздің әлемде төзімділік, бейбітшілік пен келісім бастамаларын жан-жақты қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Понтифик сөз сөйлеу барысында адам құқықтары, жұмыссыздық, көші-қон, босқындар, сондай-ақ Сирия, Украина, Ирак, Йемен, Ауғанстан, Таяу Шығыс және Африкадағы қақтығыстар туралы атап өтті. Рим Папасының айтуынша, халықтар арасындағы кез-келген дау қару-жарақпен емес, келіссөздер арқылы шешілуі тиіс.

Іссапар шеңберінде Ж. Айтжанова Пьетро Паролин мен Пол Ричард Галлахермен келіссөздер өткізді. Кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оның болашағы, Ватиканның Съезге қатысуы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі іс-әрекеті және күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелерді талқыланды.

Атап өтерлігі, елшінің 10-11 қаңтар аралығында Лихтенштейннің Мұрагер ханзадасы Алоиз пен жергілікті үкіметтің мүшелерімен кездесуі жоспарланған. Келіссөздер барысында қазіргі таңдағы екіжақты жағдай және оны дамыту мәселелері қарастырылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз