Қазақстанның төрағалығымен Бірікке Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінде Конго Демократиялық Республикасындағы жағдай туралы брифинг және консультациялар өтті.
Африка құрлығындағы ірі елдердің бірі Конго Республикасында шамамен жиырма жыл қатарынан әр түрлі қарқында қарулы қақтығыстар жалғасып келеді. Қауіпсіздік Кеңесінің осы орайдағы шешімдеріне сәйкес, БҰҰ-ның тұрақтандыру миссиясы қолданысқа енгізілді.
Отырыс барысында Кеңес мүшелері Касаи аймағында және елдің шығысында қарулы топтардың әрекеті нәтижесінде туындаған гуманитарлық жағдайдың нашарлауына және қауіпсіздік жағдайына алаңдаушылық білдірді. БҰҰ Бас хатшысының бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциялары бойынша атқарушы директоры Жан-Пьер Лакруа арнайы баяндама жасады.
Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров Конго билігінің елдегі жағдайға қатысты Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын ұстануының маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ барлық мүдделі тараптарды конструктивті сұхбат пен ахуалды тезірек тұрақтандыру бойынша ынтымақтастыққа шақырды. Қазақстан елшісі Африка құрлығындағы мәселелерді шешу және ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін ажырамас қауіпсіздік қатынастары мен орнықты даму тұжырымдамасын қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңес мүшелері Конго үкіметі мен оппозициялық күштерді елдегі саяси процесті жылжыту, сондай-ақ 2018 жылдың желтоқсанында өтетін сайлауда зорлық-зомбылыққа жол бермей, ашық және инклюзивті сайлау өткізуге шақырды.