Қазақстандық оқушылар Женевада өткен робототехникадан FIRST GLOBAL CHALLENGE әлем жарысында жеңіске жетіп, рекорд орнатты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды. Министр балалармен телефон арқылы байланысып, жеңіспен құттықтаған.
Министрдің сөзінше, қазақстандық оқушылар 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинаған. Бұл робототехника чемпионаты – әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі. Жеңіс оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді.
Жарысқа ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы қатысқан. Олардың барлығы FIRST Global Challenge ұлттық турнирінің жеңімпазы атанды. Оқушылар 3 күн ішінде 16 ойын өткізіп, ешқайсысынан жеңілмей, ұпай саны бойынша рекорд орнатқан.
“Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, қазақстандық команда басқа елдердің командаларына көрсеткен “Айрықша қолдауы үшін” Al-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын жеңіп алды. Оқушыларымызды жеткен жетістіктерімен құттықтаймын! Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруге тілектеспін! Республика күні қарсаңында бізді жақсы жаңалықпен қуанттыңыздар. Өз жетістіктеріңіз арқылы басқа балаларды ынталандыратындарыңызға сенімдімін. Сондай-ақ қолдау көрсеткен мұғалімдерге, жетекшілерге және дарынды балалардың ата-аналарына алғыс айтамын”, – деп жазды министр Аймағамбетов.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне қарағанда, кейінгі 3 жылда елде 41 IT-мектеп ашылған. Қазір онда 55 мың бала оқып жатыр. Сондай-ақ білім алушыларға арналған арнайы білім беру бағдарламалары әзірленген, олар да цифрлық білімді дамытуға бағытталған.
Биыл шілде айында робототехникадан ұлттық құрама британдық FIRST Tech Challenge UK and Ireland маусымнан тыс екі олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанған.
Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушылар ҰБТ-ны тапсырмай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындарына тегін түсуге мүмкіндік алады, оған қоса қосымша қолдау шаралары да қабылданбақ.