3 қарашаға қараған түні Қарағанды облысы Шахтинск қаласы “АрселорМиттал Теміртауға” қарасты Ленин атындағы шахтада апат болып, бес кенші қаза болды, тағы төрт адам ауруханаға түсті, бір жұмысшы іздестіріліп жатыр. Бұл жөнінде Қазақстан төтенше жағдай министрлігі хабарлады.
ТЖМ хабарлауынша, 3 қарашада шамамен түнгі сағат үште Шахтинск қаласында газ кәрізі ұңғымасын бұрғылау кезінде газ шыққан. Оқиға орнынан 106 шахтер эвакуацияланған.
“Апатты тергеу бойынша комиссия құрылып жатыр, тергеу нәтижесінде оқиғаның себеп-салдары анықталады” деп жазылған министрлік хабарламасында.
Қарағанды облысының полициясы “Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шахтада қаза болған жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтқанын хабарлады. Президент үкімет пен Қарағанды облысы әкіміне “апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды және қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді” тапсырған.
Шахтинскідегі Ленин атындағы шахта 1964 жылға пайдалануға берілген. 1970 жылдың соңынан бері мұнда жеті апат болған. 2006 жылы метан жарылып, 41 кенші қаза болды. Бұл шахта тарихындағы ең ірі апат.
Бұдан бұрын Сарань мен Абай шахталарында да апат болған. 2021 жылы қарашада Абай шахтасында метан жарылып, алты адам қаза болған, екі адам зардап шеккен.
“АрселорМиттал Теміртаудың” өзге кәсіпорындарында да қайғылы оқиғалар болған. Биыл маусымда Теміртауда цехтың төбесі опырылып, жұмысшылар үйінді астында қалды. Төрт адам қаза тауып, бір адам қатты зардап шеккен. Бір аптадан соң АМТ компаниясына тиесілі жылу электр орталығындағы қазандықты жөндеу кезінде бір жұмысшы мерт болды.