Президент мұғалімдерге байланысты ескерту жасады

0
161

Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы барысында ұстаздар білімінің сапасына мән берілуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

“Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез-келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет“, – деп атап өтті президент.

Мемлекет басшысы білім беру жүйесінің басшылығына назар аударды. Ол мектептердегі кадр мәселесін шешу үшін алдымен менеджмент жақсы болуы керек екенін мәлімдеді.

“Білім беру жүйесіндегі менеджментті жақсартуға баса мән берілуге тиіс. Осы салаға нағыз кәсіби мамандарды тарту қажет. Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осыған орай, тиісті бағдарлама қабылданады. Кадр мәселесі жоғары білім беру жүйесі үшін де өте өзекті”, – дейді Тоқаев.

Президенттің айтуы бойынша ұстаздардың қоғамдағы беделін арттыру қажет. Дегенмен ұстаздардың басым бөлігінің біліктілік емтиханынан өте алмауы жағдайды қиындатады.

“Білім беру саласында ұстаз – ең басты тұлға. Оның қоғамдағы абырой-беделін арттыра беруіміз керек. Алайда, мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады”, – дейді мемлекет басшысы.

Ұстаздардың көпшілігі емтиханнан өте алмау себебін тапсырмалардың тым күрделілігі деп ақталған.

“Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ, негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс”, – деді президент.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз