Қазақстандық «QazaqGaz» компаниясы биыл қазан айынан бастап Ресей газын Өзбекстанға тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов хабарлады.
«Ұлттық компания басшысы Орталық Азия газ құбырының қазақстандық учаскесі – ресейлік газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Өзбекстан Республикасына тасымалдау орталығындағы дайындық жұмыстарының барысын тексерді. Өзбекстанға газ транзиті 2023 жылдың қазан айында басталады деп жоспарлануда», – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шілде айының ортасында Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында ресейлік «Газпром» компаниясы мен «QazaqGaz» арасында Өзбекстан тұтынушылары үшін ресейлік табиғи газды тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Газпром 2023 жылдың төртінші тоқсанында Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ жеткізе бастауы мүмкін екенін хабарлады.