Бүгін Астанада «Үздік педагог-2023» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды kazaknews.kz ақпараттық агенттігі.
Байқау қорытындысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 64 педагогі өз мамандығы бойынша үздік атанды.
Білім саласында бақ сынағандарды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев марапаттады.
Министр өз сөзінде жыл сайын ұстаздарға жағдай жасалып, мәртебесін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Оның айқын мысалы ретінде, жуырда ғана 15 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленгенін, сондай-ақ 2000-шы жылдардан бері, он жылдан астам уақыттан кейін бірінші рет Абай облысындағы ұстаз «Еңбек ері» атағын алғанын атап өтті.
Салтанатты кеште жеңіске жетқен ұстаздардың баршасына «Үздік педагог» куәлігі мен «Үздік педагог» төсбелгісі табысталды.
Енді байқау ережесіне сәйкес, жуырда жеңімпаздардың әрқайсысына 3 450 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы да төленеді.
Биылғы конкурсқа қатысу үшін барлығы 961 өтінім түскен. Конкурсты өткізу рәсімінің өзі автоматтандырылған және ашық түрде өтті. Республикалық конкурстық комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының өкілдері және т. б. бар.
Айта кету керек, бұл байқау 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінгі таңға дейін аталған марапатты 624 ұстаз алып үлгерді.