Ұлттық банк жаңа монеталарды айналымға шығарды

0
43
Photo: Ұлттық банк баспасөз қызметі.

6 желтоқсанда Қазақстан ұлттық банкі “Банкнотадағы портреттер” сериясы бойынша Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай бейнеленген коллекциялық монеталарды айналымға шығарды.

Монеталар 8 желтоқсанда kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкенінде сатыла бастайды.

Жаңа монеталар 1993 жылғы үлгідегі Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы банкноталарының бірінші сериясының портреттік бейнелеріне арналған.

Онда тарихи тұлғалар Әл-Фараби, айтыскер ақын Сүйінбай Аронұлы, күйші Құрманғазы, ғалым әрі этнограф Шоқан Уәлиханов, ақын әрі философ Абай, сондай-ақ қазақ хандары Әбілқайыр мен Абылай бейнеленген.

Photo: Ұлттық банк баспасөз қызметі

2011-2013 жылдары Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық алтын монеталары айналымға шыққан еді.

Ұлттық банк коллекционерлер мен халық тарапынан болған сұранысты ескере отырып, серия күміс және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталармен толықтырылып отырғанын хабарлады.

Күміс монеталар әрқайсысы 925/1000 сынамды күмістен, салмағы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, proof дайындау сапасымен, номиналы 500 теңгелік, таралымы 2 000 (екі мың) данада жасалған.

Ал нейзильбер монеталар әрқайсысы МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, uncirculated дайындау сапасымен, номиналы 200 теңгелік, таралымы 50 000 (елу мың) данада жасалды.

Коллекциялық монеталар Қазақстан бүкіл аумағында белгіленген құнымен төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шотына есепке алынуға және аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз