Алматыда қуатты жер сілкінісі болды: Оқиға қаншалықты қауіпті?

0
51

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «СТӘК» ЖШС-ның сейсмикалық стансалар желісі Алматы уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінісін тіркеді. Жерасты дүмпуі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстен мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды. Тереңдігі – 65 км, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде сезілді.

Таңертең дүмпу қайталанды:

Алматы орталығының кезекші операторының хабарламасында айтылғандай, жер сілкінісі 23 қаңтарда 05 сағат 19 минут 22 секундта қаладан оңтүстік-шығысқа қарай 278 шақырым жерде – Қырғызстан мен Қытай шекарасында орын алған. Жер сілкінісінің энергетикалық класы – 13.4. Магнитудасы – 5,8.

Қабылдау туралы ақпарат: 2-3 балл.

Жиналу нүктесі:

Қаланың әр аймағында төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындардың бәрі жұмыс істеп тұр. Көбінесе бұл құрылыс стандарты мен ережелерге сәйкес келетін білім беру ұйымдары: мектептер, балабақшалар, колледждер мен университеттер.

Барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналасқан. Іздеу кезінде «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» деп терсеңіз, картадан халық жиналатын орындар көрсетіледі.

Алматы полициясы:

Алматы полициясы қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдаған. Полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полицияның саны ұлғайтылып, учаскелік инспекторларының тұрғын үйлерді аралауы ұйымдастырылды. Шамамен 2,5 мың полиция қызметкері жұмылдырылған.

Жедел Штаб:

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді. Онда одан әрі іс-қимыл жоспары талқыланған.

Қаладағы тіршілікті қамтамасыз етудің барлық жүйесі жұмыс істеп тұр. Полиция департаменті штаттық режимде қызмет атқаруда. Барлық мектеп пен балабақша ашық, халықты жинау пункттері сақадай сай.

Медициналық көмек:

Алматыда медициналық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жер сілкінісі салдарынан 23 қаңтар сағат 03:00-дегі жағдай бойынша 8 адам зардап шеккен. Олардың барлығы қалалық ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы қаланың денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Мектептер мен колледждерде сабақ болмайды:

Алматы қаласының мектептері мен колледждерінде 1-ауысымдағы сабақтар болмайды.

«Қала мектептері мен колледждерінде түні бойы халықты қабылдау пункттері жұмыс істеуіне байланысты, 23 қаңтар күні Алматы қаласының мектептері мен колледждерінде 1-ауысымдағы сабақтар болмайды. Балабақшалар штаттық режимде жұмыс істейді, балаларды әкелу – ата-аналардың қалауы бойынша», – деп хабарлады Алматы қалалық білім басқармасы.

Бас сейсмолог мәлімдемесі:

Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматыда жақын уақытта жойқын жер сілкінісі болмайды деп сендірді.

«Алматының тұрғындары мен қонақтарын жақын арада жойқын жер сілкінісі күтілмейтініне сендіргім келеді. Бүгін болған сейсмикалық оқиға ҚХР мен Қырғызстан Республикасының аумағында болды. Алматы мен Алматы облысының тұрғындары, Жетісу облысының бір бөлігінде сезілген сілкіністер «афтершок» болып табылады. Орталық Азияның барлық дерлік елдері сейсмикалық оқиғаны сезінді. Қазіргі уақытта 10-нан астам афтершок тіркелді, оның ішінде Алматы тұрғындары 2 афтершокты сезінді. Байбаламға салынудың ешқандай себебі жоқ”, – деді ол.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта қалада сейсмикалық жағдай тұрақты.

Шымкент қаласында жер сілкінісі 2 балды құрады. Ал, астаналық ТЖ департаменті «Астанада жер сілкінісі болған жоқ, бұл Алматыда болған жер сілкінісінің салдары болды» делінген хабарлама таратты. Бұдан бөлек жер сілкінісі Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды ​​облысында да сезілді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз