Түркияның Эрзинжан облысы Илич ауданындағы алтын кенішінде ірі көшкін жүрді. Ішкі істер министрі Әли Ерликая 9 жұмысшының жер астында қалғанын, аймақта 400 адаммен іздеу-құтқару операциясы жүріп жатқанын мәлімдеді.
Көшкін 2010 жылдың желтоқсан айынан бері алтын өндіріліп жатқан Чөплер кенішінде Түркия уақыты бойынша 14:28 шамасында болған.
Оқиғадан кейін аймаққа ішкі істер қызметкерлері, AFAD, UMKE және медициналық топтар жіберілген.
Эрзинжан губернаторы Хамза Айдогду да апат орнындағы соңғы оқиғаларды қадағалап отырғанын хабарлады.
Әділет министрі Йылмаз Тунч оқиғаға байланысты Илич Бас прокуратурасының сот тергеуі басталғанын және оған төрт прокурордың жауапты екенін хабарлады.
“Алдын ала ақпарат бойынша, топырақ өкінішке қарай кенішке құлаған. Із-түссіз кеткен қызметкерлер топырақ астында қалды деген болжам бар. Қазірше 9 адам іздестіріліп жатыр. Бірақ жапа шеккендер саны одан да көп болуы мүмкін деген қорқынышымыз бар”, – деді тау-кен инженерлері палатасының президенті Айхан Йүксел BBC-ге берген сұхбатында.
Йүксел аймақтан тараған видеоға қарап не жобада, не кеніштің қызметінде қателік бар екенін және мұны қарапайым табиғи құбылыспен түсіндіруге болмайтынын айтты.
Алтын кенішінен көшкен қалқымалы үйіндіде цианид бар екенін айтқан Йүксел оның қоршаған ортаға қауіп төндіретінін және бұл тәуекелдің дәрежесін түсіну үшін зерттеулер жүргізілуі керектігін жеткізді. Ол бұл көшкін электр станциясына жетпей тоқтатылатынан үмітті екенін баса айтты.
Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігі цианидтің Евфрат өзеніне жетуіне жол бермеу үшін Сабырлы ағынының Евфратқа қосылған жеріндегі су өткізгіш құбырдың қақпақтарын жапқанын хабарлады.
Оқиға болған жер Евфрат өзенінен 350 метр қашықтықта орналасқан.
Чөплер алтын кеніші Түркияда ғана емес жалпы әлемдегі ең ірі алтын кеніштерінің бірі.