Романовтар әулеті туралы естігендеріңіз бар ма?
Егер бұл тақырып сізге бейтаныс болса, бірақ тарихтың құпия беттерін білгіңіз келсе, онда осы мақаланы соңына дейін оқуға кеңес беремін.
Романовтар әулетінің тарихы – адамзат жадында қалған ең қайғылы кезеңдердің бірі. Алайда бұл мәселеде халық пікірі екіге бөлінеді. Бірі бұл әулетке аянышпен қараса, енді бірі оларды елді дұрыс басқара алмағаны үшін кінәлайды. Мұндай көзқарастардың қалыптасуына не себеп?
Біршама жылдар бұрын Григорий Распутин Романовтар туралы:
«Бұл әулет ата-бабасымен қоса есептегенде шамамен 300 жыл билік етеді» – деп болжам айтқан. Таңғаларлығы, бұл сөз шындыққа айналды.
Григорий Распутин XX ғасырдағы ең жұмбақ тұлғалардың бірі саналады. Ол туралы ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарады. Распутин императрица Александра Романовамен оның ауыр дертке шалдыққан ұлы Алексейді емдеймін деген уәдемен танысқан. Осы арқылы ол император әулетінің сеніміне кіріп, Романовтармен тығыз қарым-қатынас орнатты.
Алайда бұл байланыс империя үшін қауіпті салдарға әкелді. Кей деректерге сүйенсек, Распутин императрица арқылы Николай II-ге ықпал еткен. Бұл жағдай патша әулетінің жақындарына ұнамай, олар Распутинді өлтіру туралы шешім қабылдайды.
Распутиннің өлімі де жұмбаққа толы. Оны умен де, қарумен де өлтіре алмағаны туралы аңыздар бар. Ақырында ол мұздай суға тасталып, сол жерде қаза тапты деген дерек тараған. Тіпті кейбір ғалымдар оның су астында да біраз уақыт тыныс алғанын айтады. Алайда бұл мәліметтердің қаншалықты рас екені әлі күнге дейін нақты дәлелденген жоқ.
Распутиннің өлімінен кейін екі жыл өткен соң, 1918 жылы Романовтар әулетінің билігі біржола аяқталды. Бүкіл әулет қырғынға ұшырағаннан кейін, халық арасында «Княжна Анастасия тірі қалды» деген қауесет кең тарады. Алайда кейін бұл ақпараттың жалған екені анықталды.
Дегенмен, бұл қауесеттің тууына себеп бар еді. Анастасияның өлімі аса қатыгездікпен жүзеге асқандықтан, қоғамда түрлі күмән мен түсінбеушілік қалыптасты. Осы оқиғалардан кейін халық арасында мынадай ән жолдары тарала бастады:
Я слышал, дочь одна жива…
Княжна Анастасия…
Бұл – тарихтың қасіреті мен аңыздың арасына сызат түскен сәттердің көрінісі.
Ол империяны жойған жоқ, ол оның айнасына айналды.
Амина Амирова,
11-сынып оқушысы





















































