Мектеп оқушыларына баға қалай әсер етеді?

0
28
фото: google

Мектептегі баға – оқушының оқу үлгерімін көрсететін негізгі көрсеткіштердің бірі. Қазіргі таңда көптеген оқушылар үшін баға – тек білімнің өлшемі ғана емес, құрдастарының арасындағы бедел мен мақтаныш көзіне айналған. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, оқушылардың басым бөлігі күн сайын өздері байқамай-ақ бағаға тәуелді болып, кейде шынайы білімнен гөрі жоғары көрсеткіш жинауға көбірек мән береді.

Бір жағынан қарастырсақ, баға баланың оқуға деген құштарлығын арттырып, ізденіс жасауына түрткі болуы мүмкін. Қалыптасқан бағалау жүйесі арқылы оқушылар тапсырмаларды жауапкершілікпен орындап, мұғалім берген жұмысты уақытында тапсыруға тырысады. Нашар баға алмау үшін қосымша ақпарат іздеп, дайындалып, еңбектенеді. Осы тұрғыдан алғанда, баға оқушының тәртіпке, еңбекқорлыққа және мақсатқа ұмтылуына ықпал етеді.

Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Кей деректер бойынша, мектеп оқушыларының едәуір бөлігі білім үшін емес, тек баға үшін оқиды. Мұғалімдердің айтуынша, қазіргі уақытта кейбір оқушылар бағаға шамадан тыс мән беріп, білімнің шынайы құндылығын екінші орынға ысырып қояды. Тіпті кейбіреулер жоғары баға алу үшін өздерінің эмоционалдық жағдайы мен денсаулығын елемей жатады. Ата-аналар да бұл құбылыстың баланың психологиялық жай-күйіне кері әсер етуі мүмкін екенін алаңдаушылықпен айтады.

Әрине, баға тек теріс әсер етеді деуге болмайды. Оның жақсы жақтары да бар. Дегенмен, бағаның балаға қалай әсер ететіні көбіне оқушының оны қалай қабылдайтынына байланысты. Егер баға мақсат емес, білімге жетелейтін құрал ретінде қарастырылса, онда ол тиімді нәтиже береді.

Қорытындылай келе, баға – оқыту жүйесінің бір бөлігі ғана. Ең маңыздысы – оқушының білімге деген шынайы қызығушылығы мен ішкі ынтасы. Себебі шынайы жетістік бағада емес, алынған білім мен қалыптасқан дағдыларда жатыр.

Әминай Тұрар, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз