Кибербуллинг: интернеттегі жасырын қауіп

0
5
фото: google

Бір ауыз сөз кейде адамды күлдіреді, кейде көңілін көтереді. Бірақ дәл сол сөз интернетте жазылса, оның әсері әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Бүгінде әлеуметтік желілер адамдарды жақындастырғанымен, өкінішке қарай, оларды қорлайтын немесе кемсітетін ортаға да айналып барады. Осындай жағдайлардың бірі – кибербуллинг. Менің түсінігімше, кибербуллинг – интернет арқылы адамды мазақтау, қорлау немесе психологиялық қысым көрсету.

Көпшілік кибербуллингті жай ғана әзіл немесе пікір деп қабылдауы мүмкін. Алайда оның салдары өте ауыр болуы ықтимал. Менің ойымша, интернеттегі қорлау адамның өзіне деген сенімін жоғалтып, қоғамда өз орнын табуына кері әсер етеді. Кейбір адамдар сырт көзге ештеңе болмағандай көрінгенімен, іштей қатты қиналып жүруі мүмкін.

Кибербуллингтің салдары тек көңіл күйдің түсуімен шектелмейді. Зардап шеккен адамдарда мазасыздық, күйзеліс, өзіне деген сенімсіздік пайда болады. Кейбір оқушылардың сабақ үлгерімі төмендеп, олар айналасындағы адамдардан алыстай бастайды. Кейде ойланбай жазылған бірнеше сөз адамның көңілін қатты жаралайды. Сондықтан экранның ар жағында да сезімі мен намысы бар адам отырғанын ешқашан ұмытпауымыз керек.

Кибербуллингтің алдын алу ең алдымен қоғамның көзқарасынан басталады. Бұл мәселе туралы ең алдымен мектепте де, үйде де ашық айтылуы керек. Әр адам интернетте де шынайы өмірдегідей әдеп сақтап, өзгеге құрметпен қарауды үйренгені дұрыс. Ата-ананың баламен ашық сөйлесуі және оның интернеттегі қауіпсіздігіне көңіл бөлуі де маңызды рөл атқарады.

Интернет адамдарды қорлайтын емес, біріктіретін орта. Интернеттегі қудалау ешқашан жазасыз қалмайды. Қауіпсіздік ережелерін сақтау, бір-бірімізге құрметпен қарау және заң талаптарын орындау – интернетті қауіпсіз ортаға айналдырудың қарапайым, бірақ маңызды жолдары. Экранның ар жағында жай ғана аккаунт емес, сезімі бар адам отырғанын ұмытпасақ, кибербуллингтің де саны азаяр еді.

Абдурахим Орынтай, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз