Түрік зиялылары «Зәйтүн сабағы» операциясына қарсы

0
143

Түркияда бір топ зиялы қауым өкілі  «Зәйтүн сабағы» операциясына қарсылық білдіріп, биліктегі Әділет және даму партиясына үндеу хат жіберді. Бұл туралы Cumhuriyet («Республика») басылымы хабарлайды.

20 қаңтар күні Түркия қарулы күштерінің Сирияның Африн қаласында бастаған шабуылын аяқтауға шақырып, хатқа қол қойғандар арасында ескі министр, депутат, жазушы, режиссер, актер, сценарист, журналист, қоғамдық бірлестіктер мен әйелдер қауымдастығы өкілдері бар. Бас-аяғы 170 кісінің қолы қойылған хат Әділет және даму партиясына және түрік мәжілісіндегі барлық халық қалаулыларына жіберілген.

Ал хаттың мазмұны болса – төмендегідей:

Құрметті Әділет және даму партиясының депутаты,

Біз, төменде қолтаңбасы бар азаматтар, қолыңыздағы билік пен арқалаған жауапкершілігіңіз үшін миллиондаған халық атынан сізге үндеу жариялаймыз.

Елімізде және аймағымызда соғыс емес, бейбітшілік пен тыныштық болғанын қалаймыз. Шекарамызды қорғап, аман қалудың ең оңтайлы жолының өзара достық пен тату көршілік қарым-қатынасты күшейтуде екеніне сенеміз. Қауіпсіздігімізді миллиардтарға алынған қару-жарақ, жап-жас балалардың өмірі мен он мыңдаған жанұяны жайпап өтетін соғыстың құнымен емес, өзара келіссөздер мен ынтымақтастық жолымен-ақ қамтамасыз етуге болатынын тәжірибе жүзінде білеміз.

Сирияның Түркияға қауіп төндірмейтін территориясы Афринге жасалған қарулы шабуыл аймағымыз бен елімізге қауіпсіздіктен гөрі, ойран мен азап секілді одан да үлкен мәселелер әкеліп, күрд отандастарымыздың жүректерін жаралайды деген ойдамыз.

Таяу Шығысты тозақ соғысына айналдырған шет елдердің әскери белсенділігі халықаралық құқықбұзушылық болып табылады, ал солардың арасына қосылуға деген ниет пен осы бағытта жасалған қадамдар елімізді тығырыққа тірейді: ондаған жылдар бойы қалпына келмейтін әлеуметтік, саяси, экономикалық және гуманитарлық апаттарға алып келеді.

Осы елдің азаматтары ретінде үлкен жауапкершілікпен халқымыздың және тарихтың алдында билік иелерін ескертеміз: үндеуімізге құлақ асып, соғысты дереу тоқтатуға және мәселені диалог жолымен шешуге шақырамыз.

Құрметпен.

Хаттың соңында 170 азаматтың қолы қойылған.

«Зәйтүн сабағы» операциясының «күрдтерден құралған лаңкестік топтардың толықтай көзі жойылғанша» жалғасатынын атап өткен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған операция ауқымының кеңейтілетінін мәлімдеді. Анкара Сириямен шекарадағы 883 шақырымдық белдеуді лаңкестерден тазаламақ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз