АҚШ Украинаға әскери көмегін арттырып жатыр

0
182
Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Джо Байден кездесуі. 1 қыркүйек 2021 жыл.

Сәрсенбі күні Вашингтондағы Ақ үйде АҚШ президенті Джо Байден Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесті. Бұл – Зеленскийдің Украина президенті ретінде Ақ үйге алғаш баруы.

“Америка дауысы” сайтының мәліметінше, Зеленский Украинаның тұтастығын қолдағаны, Вашингтонға келуге шақырғаны үшін Джо Байденге алғысын білдіріп, 13 сарбазының Ауғанстаннан АҚШ азаматтары мен кейбір ауғандарды эвакуациялап жатқанда террордан қаза болуына байланысты АҚШ-қа көңіл айтты.

Ауғанстандағы эвакуация мәселесіне қарай Джо Байден мен Владимир Зеленский кездесуі бір күнге шегерілген еді.

Украина президенті кездесуде қауіпсіздік саласында АҚШ-пен өзара ынтымақтастық нығая түседі деп үміттенетінін, Украинаның НАТО-дағы рөлі мен АҚШ-тың Украина шығысындағы конфликтіні бейбіт реттеудегі рөлін Байденмен талқылағасы келетінін айтты. Ол сонымен қатар Украина шығысындағы сепаратистік аумақ пен Ресейде тұтқындалып, қамауда отырған адамдарды босатуға көмектесуді сұрады. Киевтің Вашингтонға берген мұндай тізімінде 450 адам көрсетілген.

Зеленский Ресей Балтық теңізінің түбі арқылы Германияға жетіп, Украинаны айналып өтететін “Солтүстік ағыс – 2” газ құбыры құрылысын АҚШ-тың тоқтата алмағаны қателік болғанын, бұл жобаны Мәскеу қолындағы геосаяси қару деп санайтынын білдірді.

Байден Зеленскиймен кездесер алдында бүкіл Еуропада бейбіт және еркін өмір көргісі келетінін, АҚШ Украина егемендігін қолдай беретінін мәлімдеген. Бірақ сонымен бірге АҚШ Украинадан демократияны нығайта түсетін терең реформалар күтетінін де аңғартқан.

Владимир Зеленскийдің сөзінде АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин алдағы аптада Украинаға келетіні айтылды.

Осы уақытқа дейін АҚШ Киевке 60 миллион доллар көлемінде кезекті әскери көмегін берген. Сөйтіп Вашингтонның Киевке жыл сайын беретін әскери көмегі 400 миллион долларға жеткен. АҚШ есебіне қарағанда 2014 жылы Донбаста конфликт басталғалы Украина АҚШ-тан 2,5 миллиард доллардан астам көмек алған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз