Министрлік Pfizer вакцинасын Қазақстанға жеткізу үшін әлі келісім жасамаған

0
166
photo: rbc.ru / pfizer

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі Pfizer вакцинасын уақытша тіркесе де әлі компаниямен келісімшартқа қол қойған жоқ. Бұл туралы бейсенбі күні өткен үкімет отырысында белгілі болды.

“Pfizer-BioNTech вакцинасын жеткізу жоспарда бар. Қазіргі уақытта тасымалдау, жеткізу кестесі және келісімшартқа қол қою мәселелері пысықталып жатыр”, – деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Министр президент Тоқаевтың жолдауында ДДСҰ тіркеген вакциналарды сатып алуды жеделдету қажеттігін атап өткенін еске салды.

Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті америкалық вакцинаны 23 тамыз күні 8 айға уақытша тіркеген.

Ел арасында Pfizer екпесі деп танылған бұл препараттың ресми аты – Comirnaty (Комирнати). Екі дозадан тұрады, арасы 21-28 күн. Ерекше жағдайда аралық 41 күнге дейін ұзаруы мүмкін.

Comirnaty – ДДСҰ мақұлдаған вакциналардың бірі. Қазақстанда осы вакцинаны күтіп отырғандар көп. Өйткені олар елде бар екпелерге сеніңкіремейді. Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда ресейлік “Спутник V” (қазір оны Қарағандыда өндіреді), отандық QazVac, қытайлық Sinopharm компаниясының БАӘ-де өндірілген вакцинасы Hayat-Vax пен Қытайда өндірілген екпесін Vero Cell, сондай-ақ тағы бір қытай компаниясы Sinovac компаниясының екпесі CoronaVac қолданылады. Үкімет 10 миллион адамға вакцина салуды көздеп отыр. Әзірге тек 5,3 миллион адам ғана екпені толық алған. 1,2 миллионнан астам адам екпенің бірінші дозасын алып, екіншісін күтіп отыр.

Pfizer екпесі Қазақстанға қазан айында келеді деп жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі оны бастапқы кезде ата-ананың рұқсатымен 12 жастан асқан балаларға және жүкті әйелдерге салатынын айтқан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз