Министр: Халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне 1500 АЕК көлемінде сыйақы тағайындалады

0
452
Халықаралық пән Олимпиадаларынан жүлделі оралған оқушылар.

Халықаралық пән олимпиадасынан жүлделі оралған оқушыларға Білім және ғылым министрлігі 1500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындайды. Бұл туралы бейсенбі күні өткен үкімет отырысында білім министрі Асхат Аймағамбетов айтты. 

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда халықаралық білім олимпиадаларының жеңімпаздары марапатталды

“Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын ынталандыру және қолдау мақсатында алтын медальға 1500 АЕК (4,5 млн теңгеге жуық сомма), күміс жүлдеге 1000 АЕК және қола медальға 500 АЕК көлемінде бір рет сыйақы тағайындау жоспарлануда”, – деді министр Асхат Аймағамбетов. 

Министрдің айтуынша, оқушыларды дайындаған ұстаздарына да бір реттік ақшалай сыйақы берілетін болады. Алайда Аймағамбетов ұстаздарға нақты қанша сомма берілетінін ашып айтпады.

Осы айтылғандарды іске асыру үшін ҚР “Білім туралы” Заңына білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олардың ұстаздарын ынталандыру қағидаларын бекіту бөлмінде толықтырулар енгізілетін болады. Сонымен қатар, министр зияткерлік, шығармашылық, спорттық бағыттар және WorldSkills бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын қолдау үшін конкурсқа қатыспай-ақ ЖОО-ға түсуге грант беру мәселесі заң жүзінде реттелетінін атап өтті.

Еске салайық, жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында пәндер бойынша халықаралық Олимпиада жеңімпаздарын қаржылай қолдау және оларға конкурстан тыс ЖОО-ға грант беру қажет екенін айтқан еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз