Apple-дің негізін қалаушыларының бірі ғарыш компаниясын құратынын жариялады

0
168
Стив Возняк (Фото- David Paul Morris : Bloomberg)

Apple компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк өзінің Privateer Space ғарыш компаниясын құратынын жариялады. Бұл туралы rbc.ru сайты хабарлады.

Стив Возняк “Ripcord” компаниясының бас директоры Алекс Филдингпен бірге жаңа компания құрды. Ол бұл туралы Twitter-де мәлімдеді.

“Басқаларына ұқсамайтын Privateer Space ғарыш компаниясы жұмысын бастайды”, – делінген хабарламада.

Твиттерде жарияланған ақпаратта бейнероликке сілтеме жасалынған. Бұл бейнероликте Privateer Space-ті Возняк және америкалық инженер және Ripcord робототехника компаниясының бас директоры Алекс Филдинг бірлесіп құрғандығы көрсетілген.

“Privateer Space”-тің алдағы жоспарлары 14-17 қыркүйек аралығында Мауи аралында өтетін AMOS технологиялық конференциясында белгілі болады.

Биылғы жазда ғарышқа Amazon және Blue Origin компанияларының негізін қалаушы Джефф Безос сапар жасады. Ал Virgin Galacti компаниясының негізін қалаушы Ричард Брэнсон турист ретінде суборбитальды сапар атқарды. Blue Origin және Virgin Galactic компаниялары ғарыштық туризммен айналысуды жоспарлап отырғанына байланысты екеуі де Стив Возняктің “Privateer Space” компаниясына бәсекелестік жасайды.

Стив Возняк 1976 жылы Стив Джобс және Рональд Уэйнмен бірге Apple-ді құрды. 1981 жылы Стив Возняк ұшақ апатына ұшырап, одан кейін Apple компаниясындағы жұмысын доғарды. Алайда, Возняк әлі де Apple қызметкері болып саналып, жалақы алуды жалғастыруда. Стив, өзін Apple компаниясынан шығара алатын жалғыз адам 2011 жылы қайтыс болған Стив Джобс екенін айтқан еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз