АҚШ-тың Сириядағы операциясы аяқталуға жақын

0
96

АҚШ-тың Сирия аумағындағы лаңкестік ұйымдарға қарсы жүргізілген операциясы аяқталуға таяды. 

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Хизер Нойерттің айтуынша, Вашингтон мен оған жетекшілік еткен халықаралық коалиция және Сирияның қарулы күштері ДАИШ лаңкестік ұйымына қарсы жүргізіліп жатқан операция межесіне жетуге таяу. Хизер мамырдың бірінде жариялаған мәлімдемесінде: «Сирия аумағын басып алып, бейбіт адамдардың үрейін ұшырған ДАИШ-тың күндері аяқталды», – деді.

Сонымен қатар, Америка Құрама Штаттарының Сыртқы істер министрлігінің өкілі АҚШ алдағы уақытта Түркия, Израиль, Иордания, Ирак және Ливанмен өз шекараларын ДАИШ лаңкестік ұйымынан қорғау мақсатында біріге жұмыс жасайтын болады деп айта кетті.

Сондай-ақ, Вашингтон аймақтық серіктестер мен одақтастарға операцияға бір ауыздан қатысуды ұсынады. Операция барысында лаңкестерден тазартылған аймақтарды тұрақтандыру үшін әскери күштер мен материалдық құралдар қажеттілігі туындауы мүмкін.

Сонымен қатар, АҚШ Сирияны гуманитарлық көмекпен қамтамасыз ету үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2254 қарары шеңберінде өткізілген Женева үдерісін жандандыруды, сондай-ақ халықаралық ресурстарды жұмылдыруды көздейді. Нойерттің айтуынша, операция елдегі саяси тұрғыдан алғанда, барлық сириялықтардың, соның ішінде сунний арабтар, күрдтер, христиандар, түркімендер және басқа да аз ұлттардың ерік-жігерін ескере отырып, жүзеге асырылуы керек.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз