Армения президенті отставкаға кетті

0
322
Армения президенті Армен Саркасян. Photo: rbk.ru

Жексенбі кешке Армения президенті Армен Саркисян мерзімінен бұрын қызметінен кететінін хабарлады. Саркисян ел саясатына, соғыс пен бейбітшілік мәселесіне ықпал ететіндей өкілеті болмағандықтан осындай шешім қабылдағанын мәлімдеген.

“Төрт жылға жуық ел президенті қызметін атқарған мен қызметтен кетуді ұзақ ойландым. Бұл шешім ешқандай эмоциясыз логикаға негізделіп қабылданды. Президентте ел мен халық үшін қиын-қыстау шақта ішкі және сыртқы саясаттағы үдерістерге ықпал ететін қажетті құралдар жоқ. Еліміз үшін ынтымақ керек болып тұрған мына алмағайып кезеңде президент институты жұртшылықтың назарын аса маңызды мәселелерден алшақтататын өсек-аяң мен қастандық теориясының объектісіне айналмауы керек”, – делінген хабарламада. 

Армен Саркисян Армения елдегі жүйелі мәселелерді шешуде президент “өз әлеуетін толымды пайдалана алмайтын ел екенін” жазған. Қазіргі жағдайда “президенттің қолында еліне көмектесе алатын тетіктер жоқ” дейді ол.

68 жастағы саясаткер Арменияны 2018 жылдың көктемінен бері басқарды. 1996-1997 жылдары ол төрт ай премьер-министр қызметін атқарған. Армения – парламенттік республика, кең өкілеті жоқ президент лауазымы тек ресми маңызға ие. Бұл қызметке үміткер жеті жылдық мерзімге бір-ақ рет сайлана алады.

2018 жылдың көктемінде Армения парламенті Армен Саркисянды президент етіп сайлаған. Көп ұзамай елде жаппай наразылық болып, нәтижесінде премьер-министр қызметіне соған дейін оппозицияға жетекшілік еткен Никол Пашинян сайланды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз