Қазақстандықтар мінген тағы екі автобус Украинадан Польшаға жетті

0
178
Украинадағы Қазақстан елшілігі.

Қазақстан азаматтары мінген тағы да екі автобус Украина-Польша шекарасынан өтті. Бұл жөнінде Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаевқа сілтеме жасап Азаттық сайты хабарлады.

Қалетаевтың сөзінше, Польша шекарасынан өткен автобустардың бірі Катовице қаласындағы әуежайға жеткен.

“Автобустар шекарада 18-20 сағаттан астам тұрды. Украинаға оқ-дәрі мен қару-жарақ әкелгенде шекара 7-8 сағатқа жабылады. Қазір екі автобус шекарадан өтіп, әуежайға кетіп барады”,-деді елші.

Жергілікті уақыт бойынша сағат 10-да Катовице қаласынан Атырауға бірінші рейс ұшады. Оның 167 жолаушысы тіркеліп қойған. Бұл Украинадан Қазақстанға эвакуацияланатын Қазақстан азаматтарының алғашқы легі.

Елшінің сөзінше, қалған рейстер Қазақстан азаматтарының Польша шекарасынан өткеніне қарай болады.

“Мынанша адам жиналды, рейс жіберіңіздер деп хабарлаймыз. Киевте автобус әзірлейміз. Сағат 10-ға қарай 50-ге жуық адам шығуға тиіс. Бірнеше тұстан атыс дауысы естілгенімен, жалпы тыныш. Әуе дабылы болғанда жертөлеге түсіп, сонда қонамыз”,-дейді Дархан Қалетаев.

Қалетаевтың мәліметінше, Львовта Қазақстанның 50-60 азаматы бар. Эвакуация басталғалы 657 адамнан эвакуациялау туралы өтініш түскен. Кей азаматтар өтініш толтырмай-ақ эвакуацияланып жатыр.

“Олар да біздің азаматтарымыз жиналатын жерге келіп жатыр. Өз мәшинесімен Еуропаға кеткендер де кездеседі. Жағдай шиеленісіп жатса, Украинадағы қазақ диаспорасы жөнінде ойлану керек. Ұрыс қимылдары жүріп жатқан қалалардан шығарып әкетуге мүмкіндік бар. Бірақ атыс астында қала ма деп қауіптенеміз”,-дейді Қалетаев.

Елшінің сөзінше, Қазақстаннан елшілік қызметіне “қайтыңдар” деген тапсырма түспеген. Бұған дейін елшіліктің Киевтегі бес, Львовтағы үш техникалық қызметкері отбасыларымен қайтқан.

Украинадан Польшаға эвакуацияланған азаматтарды Қазақстанға жеткізу үшін “Эйр Астана” әуе компаниясының алғашқы КС 2203 рейсі бүгін, 28 ақпанда Атырау қаласынан Польшаның Катовице қаласына ұшып кеткен еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз