Еуропаның бірнеше мемлекеті ресейлік туристерді елге кіргізбеу туралы шешім шығарды

0
153
Photo: Georgian Journal

Эстония, Литва, Латвия және Польша 19 қыркүйектен бастап Шенген визасы бар ресейлік туристерді елге кіргізбейтінін жариялады. Бұл туралы 8 қыркүйекте Эстония сыртқы істер министрі Урмас Рейнсалу мәлімдеді.

Рейнсалудың сөзінше, Эстониядан я Еуропа одағынан Шенген виза алғандар 19 қыркүйек түнгі 12-ден бастап Эстонияға кірмейді.

“Литва, Латвия және Польша да 19 қыркүйектен бастап осындай шектеу қояды. Шенген визаңыз болса да Эстонияға келмеңіздер, мұнда сіздерді ешкім күтіп тұрған жоқ” деді Рейнсалу Таллиндегі баспасөз мәслихатында.

Бұл шектеу тек туристік виза алғандарға қойылады, ал Еуропа одағына отбасылық және гуманитарлық себеппен кіретіндерге шектеу жоқ.

Осыған дейін Балтық елдері шекарадан өтетін ресейлік туристер “елге қауіп төндіреді” деп мәлімдеген еді.

Еуропа одағындағы елдер Ресей Украинаға басып кірген тұста Еуропалық комиссиядан ресейлік туристерді Шенген аймағына кіргізуге тыйым салуды сұраған. 1 қыркүйекте Прагада өткен ЕО елдерінің жиынында министрлер ресейліктерді Еуропаға кіргізуге тыйым салуға келісе алмады. Бұған Батыс Еуропа елдері, соның ішінде Германия, Грекия, Кипр, Португалия және Франция қарсы шықты. Оның орнына Еуропа одағы Ресеймен жеңілдетілген жолмен виза беру келісімін жою туралы ұйғарымға келді. Бұл шешімнен соң ресейліктерге виза беру шарты қиындайды және виза құны екі есе өседі.

Эстония, Литва, Финляндия және Латвия ресейліктерді елге кіргізуге толық тыйым салуды қарастырамыз деген. Бірақ Хельсинки шектеу ЕО деңгейінде салынуы керек деп, бұл идеядан бас тартты. Дегенмен Финляндия ресейліктерге беретін визаны азайтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз