Батыс Еуропадағы аумақтардың қайта бөлінуі ерекше құбылыс. Өйткені, материк тар. Тарихта шекараны шегендеуде талай оқиғалар болғанын білеміз. Мұндай жағдайлар әлі күнге дейін кездеседі және бейбіт жолмен шешімін табады, деп жазады dw.
Германияның оңтүстік-батысындағы Баден-Вюртемберг федералды штатымен Швейцария арасындағы шекара Рейн өзенінің бойымен өтеді. Неміс жағалауында әдемі Бад Секинген курорттық қаласы бар. Екі жағалаудың ұзындығы 203,7 метр болатын Еуропадағы ең ұзын ағаш көпір байланыстырып тұр. Ол 16 ғасырда салынған. Бірақ, бірнеше рет жөнделіп, қайта қалпына келтірілді.
Германия мен Швейцария билігі ұзақ уақыт бойы мемлекеттік шекараны түпкілікті белгілеу туралы келісімге қол қоюға тырысты. Өйткені, 1808 жылы Рейн бойындағы шекара өзеннің ең терең бөліктерін өлшеу негізінде сызылған, бірақ уақыт өте келе ағыстың әсерінен тереңдік жер бедерінің салдарынан өзгеріске ұшырап, бұл критерий ескірген. Екі ел аталған мәселеге байланысты жаңа неміс-швейцариялық келісімге қол қойылғанын күтпей, арнайы шешім қабылдады. Сөйтіп көпірдегі шекара белгісін жылжыту арқылы жаңа шекара белгіледі. Vadische Zeitung газетінің хабарлауынша, бұрын Германиядан Швейцария шекарасына баратын көпірде 102 метрден өту керек болса, қазір ол 110 метрге жеткен. Осылайша, таза ресми түрде Германияның аумағы ұлғайды.
Мәселе мұнымен аяқталмады. Рейндегі көпірден сәл қашықтау жерде Фридолин (Фридолининсель) деп аталатын арал бар. Арал бұған дейін екі елге қақ бөлінген болатын. Бірақ жаңа шекара белгіленгеннен кейін, арал толығымен Германияға өтіп кетті. Дегенмен, оны екі елдің табиғат ескерткіші ретінде қалдырылды. Оны басуға және қандай да бір мақсатта пайдалануға тыйым салынады.