Израильде Тәуелсіздік күні және еврей мемлекетінің құрылғанына 70 жыл толуына орай мерейтой аталып өтуде.
Мереке сәрсенбі күні кешке Израильдегі Еске алу тауының бойында 12 шамшырақтың жағылуымен басталды. Euronews таратқан ақпарға сәйкес, бейсенбіде ел президенті Реувен Ривлин дәстүрлі шеруді ашып берді.
Израильдің тәуелсіздігі туралы декларацияға 1948 жылы қол қойылды, бұл оқиғадан кейін келесі күні Араб Лигасы елдері Израильге соғыс жариялады. Салтанатты шара барысында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Израильдің жетістігі бір түннің ішінде келген жоқ», деп мәлімдеді. «70 жылдан кейін Израиль бүгінгіден қарағанда әлдеқайда мықты әрі гүлденген мемлекет болатынына» сенім білдірді Нетаньяху.
Тәуелсіздік мерекесін тойлау барысында Израиль көгінде дәстүрлі әуе шеруі өтті. Әуе шеруіне Израиль әскери әуе күштерінен өзге алғаш рет Ұлыбритания, Греция, Италия, Польша т.б бірқатар елдердің әскери әуе күштері қатысты.