Ұлыбритания премьер-министрі отставкаға кетеді

0
152
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон. Photo: CNBC

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон оставкаға кетуге келісті. Ол 7 шілдеде ресми мәлімдеме жасайды. Бұл туралы британиялық БАҚ-қа сілтеме жасап RFE/RL хабарлады. 

ВВС телеарнасының саяси шолушысы Крис Мэйсонның қолында бар дерек бойынша, Джонсон Консервативтер партиясының жаңа лидері сайланғанша премьер қызметінде бола береді. Партия ішіндегі сайлау қазан айында өтуі мүмкін.

Осы аптада Ұлыбритания үкіметінің құрамындағы елуден астам саясаткер премьерге сенімсіздік танытып, қызметін кеткен. Олардың қатарында қаржы министрі Риши Сунак пен денсаулық сақтау министрі Саджил Жавади бар.

Борис Джонсонға сенімсіздік танытудың нақты бір себебі жоқ, бұған осыған дейін болған бірнеше шулы оқиға себеп болып отыр. Мәселен, Британияда коронавирус өршіп, үкімет бүкіл елде локдаун жариялағанда Борис Джонсон бастаған шенеуніктер премьер резиденциясында кеш ұйымдастырған. Осыдан соң Ұлыбритания парламентінде Консервативті партия өкілдері Джонсонға сенімсіздік вотумын жариялап, дауысқа салды. Дауыс беру кезінде Джонсонды қолдағандар көп болып, ол премьер қызметінде қалған.

Келесі дау Консервативті партияның жоғары лауазымды мүшесі Крис Пинчерді парламентте белді қызметке тағайындаған соң шықты. Бұған дейін Пинчер мас күйінде жабық клубта екі ер адамға қырындады деп айыпталған еді, оның үстінен парламентте тексеріс жүріп жатқан. Борис Джонсон Пинчерге қатысты жүріп жатқан тексеріске қарамастан оны қызметке тағайындады. Осыдан соң Джонсонға қатысты дау қайта күшейді.

YouGov сауалнамасына сай, Ұлыбританияда халықтың 60 пайызы үкіметтің жұмысына сенбейді, ал Джонсонға сенбейтіндердің үлесі – 71 пайыз. Егер Британияда өткен аптада парламент сайлауы болса либералистер консервативтерді жеңіп, басым дауысты ие болар еді дейді әлеуметтанушылар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз