Навальный Ресейге оралды

0
765
Алексей Навальный. Photo: REUTERS

17 қаңтар күні кешке өткен жылы өміріне қастандық жасалған  Кремль сыншысы Алексей Навальный Германиядан Мәскеуге ұшып келді. Бұл туралы BBC агенттігі хабарлады.

Навальныйды жақтастары күтіп алатын болған соң ол отырған Берлин-Мәскеу бағытындағы ұшақ өзі қонуы тиіс әуежайдан кері қайтып, басқа әуежайға қонды. Әуежай полициямен қоршалған.

Оппозициялық белсендінің айтуынша, оның өміріне қастандық жасаған – Ресей билігі. Мұны журналист-зерттеушілер растаса да, Кремль жоққа шығарған.

44 жастағы Навальныйды әуежайда кеден қызметінен өту сәтінде ұстап әкетті.

“Настоящее время” телеарнасының мәліметінше, Жазаны орындау жөніндегі федералдық қызметі Навальныйдың ұсталғанын растаған.

Внуково әуежайында металл қоршаулар орнатылған, ал ресейлік БАҚ онда бірнеше белсенді, соның ішінде Навальныйдың басты серіктесі Любовь Соболдың ұсталғанын хабарлады.

Навальныйдың баспасөз хатшысы Кира Ярмыш әлеуметтік желіде әуежайдағы полицияның суреттерін жариялады.

Тамыз айында уланып, ес-түссіз күйі Германияға жеткізіліп, сонда бірнеше ай емделген Навальный еліне оралатынын 13 қаңтар күні мәлімдеген.

Өткен айда Ресейдің Жазаны орындау жөніндегі федералдық қызметі Навальныйдан Ресейге дереу оралуды талап етіп, келмеген жағдайда қамалатынын мәлімдеген.

Саясаткердің жақтастары мен жанашырларының арасында оны әзірге Ресейге келмей тұруға шақырып, оның қауіпсіздігіне алаңдағандар болды. Бірақ Навальный Германия ауруханасында есін жиып, журналистерге сұхбат бере бастаған кезде-ақ түбі Мәскеуге қайтатынын, шетелде қалып қою Ресей президенті Владимир Путинге “үлкен сый” екенін, оған жол бермейтінін мәлімдеген.

20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге бағыт алған әуе рейсінде Навальныйдың хәлі күрт нашарлаған. Тіпті есінен танған. Ұшақ экипажы шұғыл шешім қабылдап, Омбы әуежайына қонған. Жедел жәрдем қызметі оны әуежайдан жергілікті ауруханаға алып кетіп, оны өкпені желдету аппаратына қосқан. Саясаткер комада болған. Жақтастары мен туыстары Навальныйды қасақана улады деп күдіктенді, бірақ аурухана басшылығы улауды жоққа шығарумен болды.

Екі күннен соң Навальныйды арнайы санавиациямен Германияға алып кетті, Берлиндегі “Шарите” клиникасына жатқызды.

2 қыркүйек күні Германия билігі Навальный “Новичок” дейтін умен уланған деді. Ал 7 қыркүйек күні саясаткер комадан шығып, өкпені желдету аппаратынан ажыратылды.

Германия үкіметінің өтінішімен үш тәуелсіз зертхана Навальныйдан алынған үлгіде “Новичок” уының барын растады. Содан бері ол сауықтыру емін қабылдап келді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз