Сарапшылар Еуразияға төнген қауіп-қатерді тізіп берді

0
128
Photo: Dunyahalleri.com

11 қарашада Қазақстан астанасындағы президент кітапханасында Astana Club V сарапшылары “Еуразия-2020 басты 10 сын-қатері” рейтингінің екінші басылымын таныстырды. 

Photo: kazaknews.kz

Аталмыш зерттеу жұмысына БАҚ пен халықаралық институттар және мемлекет басшылары пікіріне құлақ асатын 40-қа жуық сарапшы мен саясаткер қатысқан.

Бұдан бөлек, 70 елден 1100–ден астам кәсіби маманы сауалнамаға тартылған. Жиын ұйымдастырушыларының хабарлауынша, негізгі қатер қатарына сауда соғысы, зымыран-ядролық жарылыс, жаңа технологиялар саласында басып озу енген.

Мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы Еуразияның ең басты сын-қатерлері рейтингіне мынадай мәселелер енген:

2020 жылы АҚШ-тағы президенттік сайлаудан кейінгі ахуал

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жаңа мерзімге қайта сайлану науқанын бастап кетті. Алайда қарсыластары оны импичментпен қорқытып жатыр. Inform.kz сайтының хабарлауынша, әлемнің жетекші державасының саяси дамуындағы белгісіздік бүкіл Еуразия үшін елеулі сын-қатерге айналуы мүмкін.

Жаһандық экономикалық құлдырау

Дүниежүзіне ықпал ететін кезекті экономикалық дағдарыс дамушы елдерде көрініс табуы мүмкін. Дамып келе жатқан нарықта капиталдың әлсіреуінен валюта бағамы құлдырап, компаниялардың қарызға батуы күшейіп, жаһандық дағдарыс орын алуы болжанып жатыр.

АҚШ пен Қытай текетіресінің ушығуы

АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшею қаупі былтырғы рейтингте де көш бастаған еді. Бұл мәселе 2020 жылы да өзекті болып қала бермек. Вашингтон мен Бейжің шиеленісін толыққанды стратегиялық қарсылық деп атауға болады. Жаһандық қарулану жарысының жаңа кезеңі 2019 жылы қырғи-қабақты бәсеңдетуде маңызды болған Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімінің күшін жойғанына куә болдық. 2020 жылы бүкіл әлем стратегиялық қару саласындағы “ойын ережелерінің” жаппай жойылу ықтималдылығына тап болады.

Технологиялық үстемдік жарысының үдеуі

Технологиялық кеңістіктің геосаяси сегментациясы айқындала түсті. Қытайлық Huawei және ZTE компанияларының мысалдарын IT-өнімдерді өткізу нарығын аймақтандыру тетігі деп қарастыруға болады.

Иранға қарсы әскери соғыс

Ядролық келісімді жою Иран төңірегіндегі қарама-қайшылықтардың одан әрі ушығуына ұласуы мүмкін. Иранның геосаяси қарсыластарымен текетіресі киберкеңістікке кеңінен таралуы мүмкін. Бұл жағдай Таяу Шығыстағы бүкіл қауіпсіздік жүйесін қысымда ұстайды.

Корей түбегіндегі ядролық дағдарыс

Солтүстік Кореяның бейбіт келісімге келуі мен АҚШ-пен қарым-қатынасын қалпына келтіру қадамдары баяу қарқынмен жүріп жатыр. Қос тарап арасындағы келіспеушіліктер артқан сайын келісімдердің құрдымға кету қаупі күшейеді. Жағдайдың ушығуына 2020 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауынан кейінгі ахуал ықпал етуі мүмкін. Терроризмнің жаңа толқыны ДАИШ-тың талқандалғанына қарамастан, террористік топтар дамуын тоқтатпай, әрекет ету ауқымын кеңейтуде. Жалғыз өзі күрес ұйымдастырғандардың қатары да көбеюде. Бұдан бөлек, мұсылмандар мен мигранттар өзге конфессиялардың терроризмі мен “ақ” терроризм аталған топтардың құрбаны болып отыр.

Агрессивті ұлтшылдық пен популизм толқыны

Популизмді сайлау үдерісіне айналдыру және саясаткерлердің күрделі мәселелерді оңай шешуге деген ниеті әлеуметтік қақтығыстарды күшейтеді, сондай-ақ этникалық және діни араздық қаупін тудырады.

Климаттың өзгеруінен туындайтын ауқымды мәселелер

Ірі державалар арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер 2020 жылы климаттың өзгеруіне қарсы күресті түбегейлі тоқтату қаупін тудырып отыр. Бұл басқа мемлекеттердің ұлттық мүддені желеу еткен өзімшілдік саясатын жүргізуін жеңілдетеді.

Айта кетейік, 11-12 қараша күндері “Назарбаев Орталығында” әлемнің жетекші дипломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын біріктірген “Астана Клубының” бесінші отырысы өтіп жатыр. Жиынның тақырыбы “Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында”.

Кезекті басқосуға әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшылары ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысады.

Құрметті меймандардың қатарында – 3 бұрынғы мемлекет басшысы, 5 экс-премьер-министр, 10 министр және 1 Нобель сыйлығының лауреаты бар. Форумға қатысатын сарапшылардың географиясы кең. Атап айтсақ, АҚШ, Испания, Италия, Ресей, Жапония, Сербия, Аустрия, Норвегия, Қытай, Үндістан, Бельгия, Ауғанстан, Швеция, Португалия, Оңтүстік Корея, Египет, Бангладеш, Словения, Қырғызстан, Иран, Ұлыбритания, Пәкістан елдері бар.

“Астана клубы” отырыстарының бір бөлігі “Chatham house” ережелеріне сәйкес өтеді. Бұл талқылаудың жабық сипатта өтуін сақтайды және Еуразия мен әлемнің ең өзекті мәселелерінің өткір әрі ашық талқылануына мүмкіндік береді.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз