Таулы Қарабақ: Орыс тіліне ресми мәртебе беріледі

0
295
Photo: RIA Novosti

25 наурызда ресми мойындалмаған Таулы Қарабақ билігі орыс тілін армян тілімен қатар екінші ресми тіл ету туралы ұсынысты мақұлдады. Құжатқа аймақ басшысы Араик Арутюнян қол қойғаннан кейін жоба заңға айналады. 

Заң жобасында орыс тіліне ресми мәртебе беру Таулы Қарабақтың Ресеймен “мәдени, әскери және экономикалық байланысын тереңдете түседі” деп жазылған.

Таулы Қарабақтың заң шығару органындағы бес партияның үшеуі өткен айда осындай ұсыныс жасаған. Олар бұл ресейлік солдаттар мен осы аймаққа шоғырланған гуманитарлық қызметкерлермен қарым-қатынас жасауды жеңілдетеді деп айтқан еді.

Өткен жылдың қарашасында Таулы Қарабақта алты аптаға созылған соғыстан кейін Мәскеудің араағайындық етуімен атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылды. Сарапшылар бұл келісім Ресейдің аймақтағы ықпалын күрт арттырып жібергенін айтады. Қақтығыс кезінде 6 мыңнан астам адам қаза болған.

Келісім бойынша Таулы Қарабақтың бір бөлігі және 30 жыл бойы армяндар бақылауында болған сол маңдағы жеті аудан Әзербайжанға қайтарылды. Бұған қоса, аймаққа шамамен 2 мың ресейлік бітімгер солдат орналастырылды.

Баку аймақта орыс тіліне ресми мәртебе беру туралы жоспарды сынады. Президент Ильхам Әлиев 26 ақпанда “Әзербайжанда бір ғана ресми тіл болуы мүмкін”, бұл – әзербайжан тілі деп мәлімдеген.

ТАСС агенттігінің жазуынша, Кремль бұл мәселені Әзербайжан мен Арменияның “ішкі ісі” деп атаған.

Халықаралық деңгейде Таулы Қарабақ Әзербайжан жері саналады. Даудың басы СССР-дің ыдырау алдында басталды. Совет одағы кезінде тұрғындарының көбі этникалық армян болған аумақ Әзербайжанның қарамағында болған.

1988 жылы Таулы Қарабақтағы армяндар Әзербайжаннан бөлінетінін мәлімдеп, оның арты алты жылға созылған соғысқа ұласты. Соғыс 1994 жылы аяқталып, оның нәтижесі бойынша Таулы Қарабақ Ереван қолдауына ие этникалық армяндардың бақылауында қалды.

Бұл дауды шешу үшін ЕҚЫҰ аясында Минск тобы құрылған еді. Оған Ресей, Франция және АҚШ елдері қатысты. Алайда Минск тобы тараптарды қанағаттандыратын нәтиже бермеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз