Тоқаев: Бауырлас орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу керек

0
180
Ереванда ҰҚШҰ жиынында сөйлеп отырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Photo: Bort #1

23 қараша күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше елдерінің жиынында Украина мен Ресейді бейбіт бітімге шақырды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.

“Украина мәселесіне келер болсақ, бейбітшілік формуласын бірлесе қарастыратын уақыт келді деп ойлаймын. Кез келген соғыс бейбіт келіссөзбен аяқталады. Бітімге келудің кез келген мүмкіндігін пайдалану керек. Стамбулдағы келіссөз раунды үміт сыйлаған еді, бірақ түрлі себептермен келісім іске аспады. Ондаған, жүздеген жылдарға созылатын өкпе-реніштен бауырлас орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу керек” деді Тоқаев.

Стамбулдағы келіссөз Ресей Украинаға соғыс ашқан соң көп өтпей басталған. Екі тараптың өкілдері наурыз айында Түркияда кездесіп, бейбітшілік туралы ұсыныстарын талқылаған. Бірақ мамырда келіссөз тоқтап қалды. Украина да, Ресей де келісімдерді орындамай отыр деп бір-бірін айыптаған.

Қазан айының басында Зеленский Ресейді Владимир Путин басқарып тұрған тұста онымен келіссөз жүргізуді мүмкін санамайтын жарлыққа қол қойған. Оның алдында Мәскеу Украинаның бірнеше аймағын аннексиялағанын хабарлаған. Путин бұған дейін Ресей келіссөзге дайын екенін, бірақ аннексияланған аймақтардың тағдырын талқылауға дайын емес екенін мәлімдеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында Санкт-Петербург қаласында өткен экономикалық форумда Қазақстан Украина шығысындағы сепаратистердің “Донецк халық республикасы” мен “Луганск халық республикасын” тәуелсіз ел ретінде мойындамайтынын айтқан. Бірақ Қазақстан БҰҰ-дағы Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығына қатысты дауысқа салынған қарарларында үнемі қалыс қалып келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз