Вагнер кері қайтты: Лукашенко Пригожинге не ұсынды?

0
116

Ресейде, “Вагнер” жекеменшік әскери компаниясы (ЖӘК) негізін қалаушы Евгений Пригожин Мәскеуге дейін «әділет маршын» ұйымдастырды. Жол барысында вагнерліктер Ростов пен Воронежді толықтай қарамағына алып, Мәскеу түбінен соғыс алаңына кері қайтты.

«Біз Мәскеуге дейін 200 км қалды. Осыған дейінгі жолды жүріп өттік. Енді қан төгілуі мүмкін сәт келді. Қазір қан төгілуі мүмкін екенін түсініп, колоннамызды кері бұрып, жоспар бойынша соғыс алаңына қайтамыз», – деді Пригожин.

«Вагнер» басшысы бұл үндеуін Беларусь президентінің баспасөз қызметі Пригожинмен келіссөзге келгенін мәлімдегеннен кейін жариялады. Беларусь президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Лукашенко мен Пригожин арасында келіссөз күні бойы жүргізілген. Олардың айтуынша Беларусь тарабы Пригожинге және вагнерлік сарбаздарға қауіпсіздік кепілдігін ұсынған.

«Келіссөз нәтижесі бойынша Ресей аумағында қанды қырғынға жол бермеу жөнінде екі тарап келісті. Қазіргі таңда келіссөзде вагнерліктер үшін өте тиімді жағдай қарастырылды», – делінген Беларусь президентінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

24 маусым күні кешкі уақытта бұл оқиға туралы Путиннің баспасөз қызметшісі Дмитрий Песков түсініктеме берді. Песковтың хабарлауынша, Пригожинге қарсы Ресей қауіпсіздік қызметінің ашқан қылмыстық ісі тоқтатылып, ол Беларусь еліне кетеді. «Қарулы көтеріліске» қатысқан вагнерлік әскерилердің соғыстағы ерліктері ескеріліп, қудаланбайды. Ал, «әділет маршына» қатыспай, қалып кеткен вагнерліктер, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасайды.

Пригожинге қарсы қылмыстық іс, оның Ресей билігіне қарсы әскери көтерілісті бастағанынан кейін ашылды.

23 маусымда Евгений Пригожин жарты сағаттық видео үндеу жариялады. Ол,

осы үндеуінен кейін, “Вагнер” әскерінің Мәскеуге дейін баратынын жариялады. Осылайша, негізгі мақсаты Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен РФ Қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимовты жазалау екенін жазды.

“Вагнер” әскері бір күнде Ростов облысынан бастап Воронежді өтіп, Ресей астанасы Мәскеуге дейін жетті.

Ресей президенті Владимир Путин осыған байланысты видео үндеу жариялады. Ол, өз үндеуінде болып жатқан оқиғаны “қарулы көтеріліс” және “сатқындық” деп мәлімдеді.

Путиннің үндеуінен кейін Шешен Республикасының президенті Рамзан Қадыров «Ахмат» арнайы кұштерінің қақтығыс алаңдарына жолға шыққанын мәлімдеді. Алайда «Вагнер» мен «Ахмат» арасында қақтығыс болып жатқан ешқандай ақпарат шықпады.

Бұл оқиғадан кейін Евгений Пригожин жоғалып кетті. Қазіргі таңда БАҚ оның қайда және тірі екенінен әлі де хабарсыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз