Жапонияның экс-премьері қастандықтан соң ауруханада көз жұмды

0
247
Синдзо Абеге қастандық соң алғашқы көмек көрсетілген. 8 шілде 2022 жыл. Photo: Reuters

8 шілдеде жасалған қастандықтан соң Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Синдзо Абэ ауруханада көз жұмды. Бұл туралы жапониялық басылымдар хабарлады.

Жұма күні Жапонияның батысындағы Нара қаласында Абэге жұрт алдында сөз сөйлеп тұрғанда оқ атылған. Кейін оны ауруханаға жеткізген. Абэ жұртты алдағы жексенбі күні өтетін сенат сайлауында өз партиясы атынан қатысатын кандидатты қолдауға үндеп тұрған еді.

Ақпараттарға қарағанда, Абеге Нара қаласының 41 жастағы тұрғыны Тэцуя Ямагами шабуыл жасаған. Ол адам өлтірмек болды деген күдікке ілініп, қамалды. Алдын ала ақпарат бойынша, ол экс-премьерді қолдан жасалған бытыра мылтықпен атқан. Полиция қаруды тәркілеген. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Тэцуя Ямагами бұрын Жапонияның теңіз күштерінде қызмет еткен. Күдікті не үшін Абені атқаны белгісіз, қазір полиция тергеу бастады.

67 жастағы Синдзо Абэ 2020 жылы премьер-министр қызметінен отставкаға кеткен. Бірақ Жапонияның басқарушы либерал-демократия партиясында ықпалды тұлға болып қалған. Ол Жапонияда ең ұзақ уақыт премьер-министр (2006-2007 және 2012-2020 жылдары) болған еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз