Ақшалай сыйақысын ала алмаған “Үздік педагог” Шпекбаевқа шағымданды

0
441
"Үздік педагог - 2020" конкурсының жеңімпазы Арнұр Қазыбеков білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовпен.

Осы жылғы “Үздік педагог – 2020” конкурсына Атырау облысынан қатысып жеңімпаз атанған Арнұр Қазыбеков өзіне тағайындалған 300 АЕК (шамамен 800мың теңге) ақшалай сыйақыны ала алмай жүргенін айтып шағымданды.

2 қазанда білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов “Үздік педагог – 2020” конкурсында жеңіске жеткен мұғалімдерді марапаттаған. Сол уақытта Атырау облысының өкілі ретінде Арнұр Қазыбеков те министр қолынан куәлік алған. Алайда жергілікті атқарушы билік берілуі керек ақшалай сыйақыны әлі күнге мұғалім Қазыбековке бермеген. Ал оның әріптестері 5 қазанда 300 АЕК көлеміндегі ақшалай сыйлықты алған.

Қазақстан сыбайлас-жемқорлыққа қарсы агенттігінің басшысы Алик Шпекбаев мұғалімнің шағымын Атырау облысы бойынша агенттіктің департаментіне жолдағанын хабарлаған. Шағым нәтижесін де аймақ департаменті анықтайды.

Қазыбековтың шағымы “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” заңның 7-бабы 6-тармағына сәйкес қаралмақ.

Ал Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов мұғалімнің шағымына екі апта өтсе де жауап бермеген. 

Арнұр Қазыбеков – физика пәнінің мұғалімі. Ол ұстаздық қызметін 2013 жылы Ақтөбе “Білім-инновация” лицейінде бастаған. Қазірге дейін шәкірттері түрлі олимпиадалардан 109 медаль иеленген. Ол бүгінде Нұр-Сұлтандағы NURORDA мектеп-лицейінде физика пәнінен сабақ береді.

Қазақстан мұғалімдеріне “Үздік педагог” атағын беру 2016 жылы сол кездегі білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтың бұйрығымен бекітілген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз