19 маусымда Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжінде ашық есік күні өтті. KAZAKNEWS.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі жиынға қатысып, колледж директорымен сұхбаттасып қайтты.

Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжі.

Астана халықаралық университетіне қарасты педагогикалық колледждің директоры Жансерік Саттар.

“Бүгін Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжінде жуық арада басталатын құжат қабылдау күні қарсаңында осындай ашық есік күнін өткізіп жатырмыз. Мұны “педагогикалық пикник” деп атауға да болады. Ұстаздар, студенттер, ата-аналарымыз және биыл оқуға тапсыруға ниетті жаңа талапкерлерді де шақырдық. Сол кісілерге колледжіміз, біздегі мамандықтар, жалпы студенттеріміздің күнделікті өмірі туралы ақпарат беретін жиын”, – деді колледж директоры Жансерік Саттар. 

Тарихы 100 жылға жуықтаған оқу ордасының ауласында студенттер концерт қойды, түрлі тағам, сусындардан жәрмеңке болды. Аниматорлар кішкентай бүлдіршіндерге ойын-сауық ұйымдастырды. 

Жәрмеңке сатушылары.

Колледж директорының айтуынша, білім ордасының студенттері болашақ педагог, ұстаз. Мектепке дейінгі және бастауыш білімнің қаншалықты жоғары деңгейде болуы қажет екенін отбасылық іс-шаралар өткізу арқылы насихаттауға тырысып жатырмыз дейді.

“Спорттық жарыстар ұйымдастырып, кішкентай бүлдіршіндерге үш тілде арналған бейнефильмдер көрсетілуде. Жалпы мақсат – педагогикалық колледжді насихаттау”, – деді ол. 

Ашық есік күніне келген қонақтар түрлі тағамдардан дәм татып, ыстық күнде салқын сусындар сатып алып жатты.

Қонақтар волейбол, футбол, үстел теннисінен жарысты. Жеңімпаз командалар марапатталды. Колледж студенттері өздері оқып жатқан мамандықтарын таныстырды. 

Балаларға түрлі ойындар ұйымдастырылды.

АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ТУРАЛЫ

Оқу ордасының тарихы 1928 жылдан бастау алады. Қазіргі уақытта 7 мамандық бойынша 1536 студент білім алып жатыр. Колледжден қазақ тілі, ағылшын тілі, информатика, музыка, дене шынықтыру, мектепке дейінгі және бастауыш мұғалімдері оқып шығады.

Колледж макеті.

Жыл сайын 400-ден астам студент тапсыратын оқу ордасына былтыр бірінші курсқа 432 студент оқуға түскен. Колледж директоры биыл 500-ге жуық студент қабылдауға дайын екенін айтады. 

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖГЕ ҚАЛАЙ ТҮСУГЕ БОЛАДЫ?

Білім ордасы қазіргі уақытта оқушыларды емтихансыз қабылдап жатыр. Тек музыка және дене шынықтыру бөліміне түскісі келетін талапкерлер шығармашылық емтихан тапсырады.

Педагогикалық колледждің кіреберісі.

“Бізге оқуға тапсыратын талапкерлердің 9-сыныптан кейінгі аттестатында жалпы ұпайы төрттен төмен болмауы керек. Сонымен қатар эссе және педагогикалық қабылдау тесті болады. Бұл емтихандардың дайын болғанын күтіп жатырмыз”, – деді колледж директоры Жансерік Саттар. 

Биылдан бастап колледждің тағы бір ерекшелігі оқу мерзімі бұрын 3 жыл 10 ай болса, қазіргі жаңа модульді оқыту жүйесіне байланысты бұл мерзім 2 жыл 10 айға қысқарған. Соның нәтижесінде студенттер 2 жыл 10 айдың кейінгі он айын дуалды оқыту жүйесі бойынша балабақша және мектептерде тәжірибеден өте алады.

Білім ордасындағы жалпы 1536 студенттің биыл 807-сі түлек атанып жатыр. 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз