AIU ректоры Арыстық 10 оқушыға грант бөлген кәсіпкерге алғыс айтты

0
273
Астана халықаралық университетінің ректоры Серік Ырсалиев пен кәсіпкер Нұркен Жарылқапұлы.

29 қазан күні Астана Халықаралық университетінің ректоры Серік Ырсалиев Арыс қаласында зардап шеккен 10 отбасының баласына грант бөлген кәсіпкер Нұркен Жарылқапұлына алғыс айтты.

24 маусымда Арыс қаласында әскери қойма жарылып қала халқы қиын жағдайда қалған болатын. Республиканың түкпір-түкпірінен көмекке асыққан Қазақстан жұрты Арыс халқына үлкен қолдау білдірді. Сондай ізгі істің бірін Түркістан облысының тумасы, кәсіпкер Нұркен Жарылғапұлы атқарды. Ол Арыстық 10 баланың жоғарғы оқу орнына түсіп, 4 жыл бойы тегін оқып шығуына мүмкіндік берді.

ҮШЕМ СТУДЕНТТІҢ АРМАНЫ АСҚАҚ

Астана халықаралық университетіне Арыс қаласынан кеп оқып жатқан ағайында (үшем) студенттер. Заур, Зарина және Замир.

Астана халықаралық университетінің 1 курс студенттері Заур, Зарина және Замир Зұлыпхаровтар Арыс қаласынан биыл келген. Ағайынды (үшем) студенттердің әрқайсы өз саласының маманы болуды армандайды. Зарина із кесуші боп ішкі істер саласында еңбек еткісі келеді. Ал, Заур пайдалы сайттар мен бағдарламалар жасайтын білікті IT маманы болуды қалайды. Замирдың арманы Google компаниясында қызмет ету.

БІЛІМГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЮ ШЕТЕЛДЕ ТАҢСЫҚ ЕМЕС

Астана халықаралық университетінің ректоры Серік Азтайұлы Ырсалиев.

“Арыста болған жағдайдан бәріміз хабардармыз. Халық үлкен қолдауға мұқтаж болды. Кәсіпкер ретінде бір оқпен екі қоян аттыңыз. Көмекке мұқтаж жандардың қажетін өтедіңіз және жас буынның сапалы білім алуы үшін мүмкіндік аштыңыз. Жастар және жаңа университет үшін үлкен қолдау көрсеттіңіз. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әлемде білімге инвестиция құю дамыған. Қазақстанда бұл үрдіс енді дамып келе жатыр. Көрсеткен азаматтығыңыз үшін сізге үлкен алғыс білдіремін”, – деді Серік Ырсалиев кәсіпкер Нұркен Жарылқапұлына.

Астана халықаралық университетінің ректоры Серік Ырсалиевтың айтуынша, педагог дайындау жөнінде университетке ең үлкен қолдауды “Білім-инновация” Халықаралық қоғамдық қоры көрсетіп жатыр.

“Өздеріңіз білесіздер “Білім-инновация” ХҚҚ-на Қазақстанның ең үздік мектептері кіреді. Үштілді оқытушылар, дамыған әдіс-тәсілдер, ағылшын тіліндегі үздік оқулықтар барлығы осы БИЛ-дың бір өзі атқарып отырған шаруа”, – деді ректор.

Сонымен қатар, студенттерге “4 жылдан кейін оқуды тәмамдап Қазақстанның болашағына пайдалы маман атанып шығасыңдар деген сенімдемін”, – деді.

АРЫСТЫҚ 10 БАЛАҒА ГРАНТ ТАҒАЙЫНДАҒАН КӘСІПКЕР КІМ?

Кәсіпкер Нұркен Жарылқапұлы.

Асанов Нұркен Жарылқапұлы 1980 жылы 25 мамыр күні Түркістан облысы, Шардара ауданы, Қызылқұм елді мекенінде туған.  1997-2001 жылдары Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде “Халықаралық экономикалық қатынастар” мамандығы бойынша білім алған. 2002-2004 жылдары Германияның Фрайбург қаласындағы “Вупперталь” университетінде “Халықаралық басқарма” мамандығы бойынша білімін жетілдірген. 2014-2016 жылдары Швейцарияның “Юбис” университетінде “МВА” мамандығы бойынша білім алған.

Кәсіпкер Нұркен Жарылқапұлы Арыс қаласынан Астана халықаралық университетіне келіп оқып жатқан студенттермен.

Нұркен Жарылқапұлы оқу орнындағы Арыстық студенттермен кездесіп, ағалық ақылын айтты. Студенттерге білімнің маңыздылығын түсіндіріп, сапалы маман атануға тілектестік білдірді.

АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Жоғары оқу орны ректорының айтуынша Астана халықаралық университеті Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей жобасы. 7 бағыт бойынша сапалы маман даярлау жоғары оқу орнының басты миссиясы.

“Университетіміздің ашылғанына 2 жыл болды. Өткен жылы 200-ге жуық магистранттар бітіріп шықты. Қазір, университетімізде 350 студент білім алып жатыр. Олардың ішінде 300-ден аса бакалавриат, қалғаны магистратура білімгерлері”, – деді Астана халықаралық университетінің әлеуметтік және тәрбие бағытындағы вице-президенті Әлімжан Бекежанұлы.

Игенбаев Әлімжан Бекежанұлы. Астана халықаралық университетінің әлеуметтік және тәрбие бағытындағы вице-президенті жоғары білім беру мектебі педагогикалық факультетінің деканы.

“Биыл бакалаврға түскен 10 студент Арыс қаласында зардап шеккен отбасылардың балалары. Меценат Асанов Нұркен Жарылқапұлы арнайы 10 балаға жәрдемақы тағайындаған болатын. Сол балалар құқық, педагогика және IT саласы бойынша біліммен қоса шәкіртақы да алып жатыр. Арыстағы арнайы өкілдеріміз конкурс арқылы жағдайы келмейтін, мүмкіндігінше көпбалалы отбасынан шыққан 10 баланы іріктеп алды. Сонымен қатар ҰБТ-да жинаған ұпайларын да ескердік. Нұркен Асанов ел болашағының жанашыры ғой. Арыстағы халықтың жағдайына алаңдап, жастар сапалы білім алсын, болашағы жарқын болсын деп осыны өз мойнына алды. Жақсы істің бастауы деп ойлаймын”, – деді Әлімжан Бекежанұлы.

“Бәрімізге белгілі қоғамда мұғалімдердің тапшылығы бар. Жылына Астана қаласының өзіне 850-ге жуық мұғалім қажет. Астана халықаралық университеті алдағы жылдары Елорданы педагогика мамандарымен қамтамасыз етуді жоспарлап жатыр. Бізде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 200-дей бала грантпен оқып жатыр. 50 шақты магистранттың 36-сы мемлекеттік грантпен білім алуда”, – деп атап өтті AIU вице-президенті.

 

Abdimanap KENES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз