Астанада “Гендер және Қазақстан қоғамы” кітабының таныстырылымы өтті

0
194
"Гендер және Қазақстан қоғамы" кітабының бір бөлігі. Photo: ayu.edu.kz

28 қараша күні Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының қолдауымен жарыққа шыққан “Гендер және Қазақстан қоғамы” басылымының таныстырылымы өтті.

Таныстырылымға кітапта зерттеулері басылған ғалымдардан басқа зерттеушілер, журналистер, қоғам белсенділері және мәжіліс депутаттары қатысты.

Жиында 4 сессия бойынша жоба зерттеушілері түрлі тақырыпта жүргізген сараптамаларының нәтижесімен бөлісті.

Солдан оңға қарай, таныстырылым модераторы әрі кітап жетекшілерінің бірі, ғалым Молдияр Ергебеков, журналист СДУ оқытушысы Есенгүл Кәпқызы және журналист-зерттеуші Оразай Қыдырбаев.

“Гендер және медиа” сессиясында зерттеушілер Есенгүл Кәпқызы мен Оразай Қыдырбай қазақтілді медиадағы көпбалалы аналардың репрезентациясы, балалар мультфильмдері мен БАҚ-тағы гендерлік рөлдер, Қазақстан медиасындағы гендерлік мәселелерге назар аударып, шешу жолдары мен кеңестерімен бөлісті.

Бұдан бөлек, “Саясат пен қоғамдық саладағы гендерлік теңдік және әділеттілік”, “Гендер және жастар”, “Экономика мен еңбек нарығы. Күнделікті тұрмыстағы гендерлік теңдік” сессияларында спикерлер өз зерттеулері бойынша ақпараттармен бөлісті .

Таныстырылымда Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, еңбек нарығы мен еңбек бөлінісіндегі гендерлік теңдік мәселесіне қатысты тың мәліметтер мен маңызды талдаулар ұсынылды.

Әр сессиядан кейін қатысушыларға сөз беріліп, қатысушылар сұрақ қойып, өзара пікірталасты. Жиын соңында қатысушыларға “Гендер және Қазақстан қоғамы” кітабы сыйға берілді.

Жанар Темірбекова мен Молдияр Ергебеков жетекшілік еткен зерттеу кітабы “Саясат және қоғамдық сфера”, “Экономика және еңбек нарығы”, “Медиа”, “Өнер және Мәдениет”, “Тарих” атты бес тарауды қамтиды.

“Гендер тақырыбы Қазақстанда және жалпы мәдени өмірде бұрыннан талқыланып келе жатқанымен, әлі де маңызды. Десек те “гендерлік зерттеулер” еліміздегі академия саласында тың тақырып деуге болады. Бұл жинақты шығарғандағы мақсатымыз – еліміздегі гендерлік теңдік жағдайын зерттеп, теңсіздік себептерін көрсетіп, шешу жолдарын ұсынумен қатар, еліміздегі медиа мамандары мен ғалымдардың басын қосып, зерттеу мәдениетін қалыптастыру”, – дейді Фридрих Эберт қорының өкілі.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының қолдауымен “Қазақстан және COVID-19” атты зерттеу кітабы жарыққа шыққан.

Кітап таныстырылымынан кейінгі жалпы сурет.
Abdimanap KENGES

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз