Ата-ана мектептегі баласының қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет – Смайылов

0
122
Оқушылар. Photo: zhaikpress.kz

Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов атап өткендей, елімізде білім беру объектілерін терроризмге қарсы қорғау жөніндегі нұсқаулық бекітілген.

Оның шеңберінде 300-ге дейін оқушысы бар мекемелерде бейнебақылау және құлақтандыру жүйелері болуы тиіс, ал 700 адамға дейінгі объектілерде – бейнебақылауларды жедел басқару орталықтарына (ЖБО) қосу және дабыл түймелерін орнату, 700-ден астам адамы бар және облыс орталықтарының барлық мектебінде турникеттер мен қосымша лицензияланған күзетпен шарт болуы тиіс.

“Ата-ана мектептегі баласының жағдайы мен қауіпсіздігі үшін алаңдамауы қажет”, — дейді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, білім беру ұйымдарын дабыл кнопкаларымен және бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауға, оларды полиция бөлімшелеріне қосуға, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етуге қойылатын талаптар күшейтілді.

Алайда еліміздегі 1100-ге жуық мектеп полицияның жедел басқару орталықтарына қосылмаған.

“Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мектептерде лицензияланған күзет қызметтерімен келісімдер жасалмаған. Күзетке көбінесе арнайы даярлықтан өтпеген адамдар тартылады. Осы мәселелердің барлығын дереу шешу керек. Өйткені бұл – балаларымыздың қауіпсіздігі”, — деп атап өтті Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр үш күн мерзімде Үкіметке балаларды қорғау жөніндегі кешенді жоспардың пысықталған жобасын енгізуді тапсырды, оған уәкілетті органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритімін жетілдіру жөніндегі іс-шаралар кіруі тиіс.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз