Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті лицензиясынан айырылды

0
249
Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті. Photo: inbusiness.kz

15 ақпанда Қазақстан білім және ғылым министрлігі Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін (ҚазМҮББУ) бас лицензиясынан айырды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік мәліметіне қарағанда, 2020 жылғы шілдеде ведомствоға қарасты Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ҚазМҮББУ жұмысын тексеріп, “өрескел бұзушылықтар” анықтаған. Атап айтқанда, университет оқытушылық құраммен және материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Тексеріс бұдан өзге де олқылықтарды анықтаған. Салдарынан университет лицензиясы тоқтатылып, олқылықтарды жоюға уақыт берілген.

Алайда қайта жүргізілген тексеріс кезінде университеттің комитет ескертулеріне құлақ аспағаны анықталған. Осыдан министрлік сотқа жүгінген.

“Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің Комитеті те қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды” деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті басшысы Гүлзат Көбенова.

Министрлік хабарлауынша, ҚазМҮББУ 2015 жылы құрылған. Оқу орнында үш мыңнан астам студент оқиды.

Гүлзат Көбенова Қазақстанда дәрігерлерді дайындаумен 14 ЖОО айналысатынын, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқанын айтып, ҚазМҮББУ студенттері гранттары сақтала отырып басқа оқу орындарына ауыстырылады деді. Комитет басшысының сөзінше, оқу құны өзгермейді.

Хабарламада бас лицензиядан айыру туралы шешім 10 жұмыс күнінен соң күшіне енетіні жазылған. Содан кейін ҚазМҮББУ қызметін тоқтатуға мәжбүр болады.

Елде кейінгі жылдары жоғарғы оқу орындарын жоспардан тыс тексеріп, білім талаптарын орындамағандарын лицензиядан айыру жиіледі. Осыған дейін 2020 жылдың қазанында Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы мен Әбдімұса Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті де бас лицензияларынан айырылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз