Қазақстанда британиялық Ardingly College International Schools мектептері ашылады

0
213

Елімізде британиялық Ardingly College International Schools мектептері ашылады, деп хабарлайды kazaknews.

Primus Capital компаниясымен серіктес Ardingly College өзінің Қазақстандағы алғашқы мектебін 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада, ал екіншісін 2025 жылдың қыркүйегінде Алматыда ашуды жоспарлап отыр. Мұнымен қоса, Қазақстанның түрлі аймақтарында үш қосымша Ardingly мектебін іске қосу қарастырылуда.

Алғашқы кезеңде бұл мектептерге 5-11 жас аралығындағы балалар қабылданады. 12 жастан бастап жазғы мектепке бару мүмкіндігі беріледі.

Ardingly College IB бағдарламасы нәтижелері бойынша Ұлыбританиядағы ең үздік 10 мектеп қатарына және The Sunday Times нұсқасына сай, A Level емтиханы нәтижелері бойынша үздік 50 мектептің қатарына кіреді. 1858 жылы құрылған оқу орнына биыл 166 жыл толады. 

Бұл – 2,5-18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздардың бірге білім алуына арналған күндізгі мектеп. Ardingly College негізгі мектебі Англияның оңтүстігіндегі Батыс Суссекс графтығында, яғни, Лондон орталығынан пойызбен бір сағаттық жерде орналасқан. Оқу орнының жалпы аумағы – 97,12 га. 

Ardingly College мектебінің «2030 жылға қарай» атты жаңа стратегиясы аясында World ReadyTM бағдарламасы бойынша халықаралық мектептер желісін кеңейту мәселесі қарастырылған. 2023 жылы Қытайда Ardingly College Zhongshan алғашқы халықаралық мектебі ашылды. 

«Бүгін біз Primus Capital тобымен бірге Қазақстанда Ardingly College мектебінің ашылғанын қуана хабарлаймыз. Бұл осы аймақта World ReadyTM миссиясы аясында халықаралық мектептер желісін кеңейтудегі маңызды кезең саналады. Біз халықаралық бакалавриат бағдарламасын осыдан 20 жыл бұрын енгіздік. Бұл студенттердің дүниежүзіне қатысты жаһандық көзқарасын дамытуға ұмтылудың бастапқы нүктесіне айналды», – деп атап өтті Ardingly College басшысы Бен Фиггис.

«Қазақстанда Ardingly College халықаралық мектептер желісін құру – әлемдік деңгейдегі білімге қолжетімділікті кеңейту жөніндегі міндеттемеміздің басты кезеңі саналады. Біз бұл оқу орындарының бірлескен ортаны дамытуға және де Ұлыбританиядағы оқу жүйесінің флагмандық үлгісін ұсыну арқылы білім беру ландшафтына тұрақты әсер ететініне сенімдіміз. Олар жаңа ұрпақтың жарқын болашағына қажетті білім мен дағдыларды ұсынбақ», – дейді «Primus Education» бас директоры Әсел Сүгірбаева.

Primus Capital – серпінді дамып келе жатқан қазақстандық жеке әртараптандырылған инвестициялық компания. Оның негізгі мақсаты – білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс және өңдеуші өндіріс салаларындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыру. Сондай-ақ, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосу да маңызды міндеттерінің бірі саналады. Primus Capital жетекші халықаралық компаниялармен серіктес ретінде жұмыс істейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз